Қарулы күштерде әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс қорытындыланды

5918
Фотосурет: Gov

Елордадағы Ұлттық әскери-патриоттық орталықта әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс жөніндегі қызметтердің басшылары ағымдағы кезең үшін есеп беріп, 2025 жылға арналған жоспарды бекітті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Іс-шараға Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің өкілдері, Қарулы күштер түрлерінің, әскер тектері мен гарнизондар қызметінің басшылары қатысты.

– Әскери отбасылар жиі қоныс аударады, әскери қызметшілер ұзақ мерзімді іссапарларға шығады. Мұның бәрі бірлескен уақыт пен отбасылық қарым-қатынас мүмкіндігін шектейді. Біздің міндетіміз – отбасына қиындықтарды жеңуге және жаңа жағдайларға бейімделуге көмектесу. Біз балаларды білім беру мекемелеріне, әйелдерді жұмысқа орналастыруға жәрдемдесеміз, тұрмыс пен бос уақытқа байланысты басқа да мәселелерді шешеміз, – деп атап өтті Қарулы күштер әскери қызметшілерінің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру бөлімінің басшысы Тәттігүл Смағұлова.

Т. Смағұлова атап өткендей, қызметтердің назарында көп балалы және жас отбасылар, сондай-ақ әскери борышын орындау кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары бар. Оларға құқықтық, психологиялық және басқа да көмек көрсетіледі.

Биыл қорғаныс және оқу-ағарту министрліктері арасындағы бірлескен жоспардың арқасында «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының филиалдарында шалғайдағы гарнизондардағы әскери қызметшілердің 1100 баласы демалды.

Отбасы мүшелері үшін театрларға, мұражайларға бару, жорықтар мен спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Гарнизондарда жергілікті атқарушы органдардың, аналардың өңірлік кеңестерінің, отбасын қолдау орталықтарының өкілдерімен және құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен кездесулер өткізілді. Кездесулерге белгілі адамдар, тыл еңбеккерлері, еңбек ерлері және Қарулы күштердің ардагерлері шақырылды.

Отырысқа қатысушылар есепті кезеңде әйелдер кеңесі жүргізген жұмыс әскери қызметшілердің отбасыларында салауатты моральдық-психологиялық ахуалды сақтауға ықпал еткенін атап өтті. Жыл қорытындысы бойынша қызметтердің үздік басшылары Қорғаныс министрлігі қолбасшылығының алғыс хаттарымен марапатталды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -