"Астана Балет" театрының симфониялық оркестрі Түркістанда көрермендердің көңілінен шықты

4070
Фотосурет: «Астана Балет» театрының PR қызметі

Француз және қазақ музыкасының жауһарларынан құралған бағдарлама зор қошеметпен қабылданды, деп хабарлайды DKnews.kz.  

Залда отырған көрермен қуанышын жасырмай, музыканттарға зор қошеметін бірдірді.

«Астана Балет» театры симфониялық оркестрінің құрылғанына көп бола қоймағанына қарамастан, бай әрі алуан түрлі репертуары бар. Ұжымның әр бағдарламасы бірегей. Оркестр жаңа бағдарламаларымен елордалық жұртшылықты таныстырып қана қоймай, бұл бағдарламаларын гастрольдік сапарлары кезінде де көпшілікке таныстыруға тырысады.

Түркістан музыкалық-драма театрының сахнасында симфониялық оркестрдің концерті алғаш рет өтті.  Зал акустикасы музыканы ұйып тыңдауға мүмкіндік берді, ал көрерменнің ыстық ықыласы мен оркестр әртістерінің бар өнерін салуының арқасында ғажайып атмосфера пайда болып, музыканттар көрнекті композиторлардың туындыларын һас шеберлікпен орындап шықты.

«Gala Symphony» концертінің бағдарламасына Камиль Сен-Санстың «Ажал биі» және Поль Дюканың «Сиқыршының шәкірті» симфониялық поэмалары, сонымен бірге, Морис Равельдің «Болеро» туындысы енді. Бұл шығармалар – еуропалық музыка мәдениетінің шыңына баланған француз музыкасының жауһарлары. Концерт барысында ерекше атмосфера тудырған қазақ музыкасының әйгілі шығармалары еді. Концерт шымылдығы отандық музыка классикасы Евгений Брусиловскийдің «Дудар-ай» туындысымен ашылып, соңында баршаға таныс Тілек Қажығалиевтың «Қыз қуу» және Әділ Бестібаевтың «Азия дауысы» шығармалары орындалды. Осы жарқын әрі көрнекті музыкалық шығармалар тыңдарман қауымға ерекше әсер етті.

Түркістан музыкалық-драма театрының көркемдік жетекшісі Мәдина Мұратпекова концерттен кейін: «Біз «Астана Балет» театрының симфониялық оркестрінің келгеніне өте қуаныштымыз, көрермен қауым концертті жылы қабылдап, рухани ләззат алды. Бұл өте маңызды. Тыңдарман қауым керемет музыкалық өнермен таныса алады. Бізге жиі келіп тұрыңыздар. Шетелдік классика мен қазақстандық музыканы орындаңыздар. Жаңа гастрольдік сапарларыңызды асыға күтеміз».

«Астана Балет» театрының симфониялық оркестрінің өнер көрсеткеніне қуаныштымыз. Оркестр әртістері ө шеберлігімен баршамызды таң қалдырды. Мен олардың талантына бас иемін. Өз өнерімен көпшілікпен бөліссін. Олар «әлем елшілері» іспетті. Оркестр дирижері – Арман Оразғалиевтің өнерін де ерекше атап өткім келді. Жас оркестр болғанымен, алда алар асулары көп. Оларды талай жетістіктер күтіп тұрғанына сенімдімін», - деді концерттен кейін «Түркістан қалалық аналар алқасы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлжалғас Мұстафаева.

Оркестрдің гастрольдік сапары аяқталғанымен, Түркістан музыкалық-драма театрының сахнасында тамаша өнер көрсетуінің арқасында көпшіліктің жадында мәңгі қалмақ. Демек, көрермен қауым «Астана Балет» театры симфониялық оркестрінің жаңа қойылымдарын тағатсыздана күтеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -