Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да университеттің 90 жылдығы мен Ұлттық валюта – Теңге күніне орай, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шараға Қазақстан мен ТМД елдерінен білім алушылар мен жас ғалымдар қатысып, «Қаржылық сауаттылық пен қаржылық инклюзияны дамыту: тәжірибелер, перспективалар, кедергілер» тақырыбын талқылады.
Пленарлық отырыста сөз алған Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Азат Омаров салық жүйесінің қазіргі жағдайы туралы тақырыпты ашса, ҚР Қаржы министрлігі бюджеттік кредиттеу, ҚР Ұлттық қоры және қаржы секторы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл департаментінің директоры Қайрат Миятов Ұлттық қордың ҚР экономикасын басқару жүйесінің тұрақтылық факторы ретінде рөліне тоқталса. «Сентрас Иншуранс» СК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ержан Ундыбаев Қазақстанның қазіргі заманауи сақтандыру секторының қызметін, «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Байғазиев ҚР қаржы жүйесін сауықтырудағы мемлекеттің рөлін атаса, Даруссалам Гонтор университетінің (Индонезия) профессоры Ахмад Афанди Махфудз халықаралық қаржылық интеграция тәжірибесімен бөлісті.
Конференция секциясында «Қазақстанда қаржы технологиялары мен қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамыту», «Экономиканы цифрландыру және оның даму үрдістеріне әсері», «Қазақстанның қазіргі жағдайдағы тұрақты дамуы», «Салық жүйесін, бағалы қағаздар нарығын және басқа да салаларды цифрландырудың мәселелері мен перспективалары» тақырыбындағы негізгі мәселелер мен тәжірибелерді талқылауды қамтыды.
Қатысушылар ғылыми зерттеулерін ұсынып, өз тәжірибесімен бөлісті. Қазақстан экономикасының дамуы үшін қаржылық сауаттылықтың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Қаржылық инклюзияны жақсарту және заманауи білім беру бағдарламасын әзірлеу бойынша ұсыныстар жасалды.
Жиында жұмыс берушілер мен ғалымдар және білім алушылар ғылыми ынтымақтастық бойынша тәжірибе алмасты. Қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған конференция жұмысын ҚазҰУ Экономика және бизнес жоғары мектебінің Қаржы және есеп кафедрасы ұйымдастырды.