Аягөз гарнизонындағы 15701 әскери бөлімі мектеп оқушыларына Қарулы күштердің мәртебесін көтеру, әскери мамандықты көпшілікке танымал ету және жас патриоттарды тәрбиелеу мақсатында ашық есік күнін өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Аталмыш шараға қаладағы №3 жалпы орта білім беретін мектептің 11-сынып оқушылары қатысты. Бастапқыда оқушылар әскери бөлім сарбаздарының казармаларымен және қызметтік күн тәртібімен танысты. Сонымен қатар бөлімнің офицерлері мен сержанттары оқу нүктелерінде түрлі қару-жарақ түрлерімен таныстырып, әскери өмір мен тәртіп туралы, сондай-ақ әскери қызметтің, жауынгерлік тапсырмалардың өту тәртібі туралы айтып түсіндірді.
15701 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Рахатбек Адылбеков болашақ Отан қорғаушыларға арнаған сөзінде жас патриоттарға әрқашан алға қойған мақсаттарына қол жеткізуді, оқуда және спортта жеңіске жетуді, салауатты өмір салтын ұстануды, патриот және өз елінің беткеұстар азаматы болуды тіледі.
Мұндай таныстыру шараларын өткізу өскелең ұрпақтың бойына патриоттық рухты қалыптастыруға, адмгершілікке тәрбиелеуге зор ықпалын тигізеді. Мұғалімдер мен оқушылар әскери қызметшілерге қонақжайлықтары мен жылы қабылдаулары үшін алғыстарын айтып, тілектерін білдірді.