ҚР көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында теміржол саласын дамыту және республиканың транзиттік әлеуетін арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы баяндады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Ол Қазақстан тиімді транзиттік трансқұрлықтық бағыттар желісін қалыптастыратынын атап өтті. Еліміз аумағы арқылы Қытай нарығын Еуропа және мен Орталық Азиямен байланыстыратын 5 негізгі халықаралық теміржол дәлізі өтеді. Соңғы 10 жылда осы дәліздер арқылы контейнерлік транзит көлемі 5 есеге өсті.
«Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша жүк тасымалының көлемі 3,5%-ға артып, 263 млн 400 мың тоннаны құрады. Ішкі тасымалдар 10,8%-ға өсіп отыр. Транзиттік жүк тасымалының көлемі өткен жылдың деңгейінде, яғни 22 млн 400 мың тонна. Бұл ретте, контейнерлік транзит 7,5%-ға өсті» Марат Қарабаев
Оның айтуынша, саланы одан әрі дамыту мақсатында 2029 жылға дейінгі теміржол саласын дамыту тұжырымдамасы қабылданды
Бұл құжат аясында келесідей бес бағыт бойынша жұмыстар жоспарланған:
- жылжымалы құрамды жаңарту;
- түйісу пункттерін дамыту;
- магистралдық теміржол желілерін дамыту;
- тарифтік саясатты жетілдіру;
- жолаушылар тасымалын дамыту.
Маңызды мәселелердің бірі – жылжымалы құрамның тозуы, оны уақытылы жаңарту және модернизациялау қажеттілігі. Қазіргі уақытта локомотив паркі 1 мың 807 локомотивтен тұрады. Тозу деңгейі – 61%.
Министрліктің мәліметінше, жылжымалы құрамның жұмыс істеу мүмкіндігін жақсарту ету және парктің тозу деңгейін төмендету мақсатында биыл 185 локомотив сатып алынды. Келесі жылы 187 бірлік сатып алу жоспарланған, ал одан кейінгі үш жылда тағы 257 локомотив жеткізілетін болады. Бұл локомотивтердің жетіспеушілігін толық жоюға ықпал етеді.
«Жүк вагондарына тоқталатын болсақ, жалпы парк 139 мың вагоннан тұрады. Бұл нарықта 300-ден астам жеке операторлар жұмыс істейді. Оның ішінде Қазақстан темір жолына 38 мың вагон тиесілі, олар әлеуметтік маңызы бар тасымалдарға, яғни елдің энергетикалық секторына және халыққа көмір жеткізуге жұмылдырылған» Марат Қарабаев
Бұл ретте, 2026 жылға дейін Ұлттық оператор қосымша 3 мың ашық вагон сатып алуды жоспарлап отыр. Оның 800 бірлігі осы жылы пайдалануға берілді.
Министрдің айтуынша, жолаушылар вагондары паркіне де ерекше назар аударылуда. Өткен жылы 118 жаңа вагон сатып алынса, биыл – 143 бірлік жеткізіледі. Келесі жылы 226 вагон сатып алу жоспарланған.
«Жалпы, 2029 жылға дейін 1 мың 200-ге жуық жолаушылар вагондары сатып алынады, нәтижесінде вагон паркі 3 мың бірліктен асып, оның тозу деңгейі 38%-ға дейін төмендейді. Осы міндеттерді орындау үшін отандық өндірушілердің вагондарын сатып алу мүмкіндігімен жалға беретін Біріккен лизингтік компания құру ұсынылады» Марат Қарабаев
Бүгінгі таңда елімізге шекаралас бес көршілес елдермен 27 теміржол шекаралық пункті ораналастырылған. Олардың ішінде Қытай және Орталық Азия бағыттарындағы Достық, Алтынкөл және Сарыағаш стансаларының өткізу мүмкіндігі шекті нормасына жетті. Бүгінде қосымша жолдар мен парктерді салу, тексеру пункттерін кеңейту және терминалдардың қуатын арттыру бойынша шаралар қабылдануда.
«Аталған шаралар Достық және Алтынкөл стансаларының өткізу мүмкіндігін 2 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар еліміздің көліктік-транзиттік әлеуетін одан әрі дамыту мақсатында жалпы ұзындығы 1 мың 300 шақырымды құрайтын 4 теміржол жобасын іске асыру жұмыстары жүргізілуде» Марат Қарабаев
Достық – Мойынты теміржол учаскесінде екінші жолдардың және Алматы айналма жолының құрылысы жалғасуда, сондай-ақ Дарбаза – Мақтаарал және Бақты – Аягөз желілерінің құрылысы басталды. Бұл жобаларды іске асыру Достық стансасының өткізу мүмкіндігін жылына 35 млн тоннаға дейін ұлғайтуға, Алматы стансасы арқылы жүк өткізу уақытын қысқартуға, Сарыағаш стансасын босатуға, және Орталық Азия мен Қытай бағыттарындағы инфрақұрылым қабілетін әрқайсысын 20 млн тоннаға артыруға мүмкіндік береді. Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырумен қатар, магистралдық теміржол желісін дамыту бойынша да жұмыстар жүргізілуде.
Тасымалдардың үздіксіздігін және магистралдық теміржолдардың қуаттылығын арттыру үшін, Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде 2029 жылға дейін 11 мың шақырым теміржол учаскелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілмек, оның 2 800 шақырымында тиісті жұмыстар аяқталды. Сонымен қатар жалпы ұзындығы 5 мың шақырымды құрайтын жаңа және екінші жолдардың құрылысы, 2 мың 600 шақырымға автоблокировканы енгізу және 184 стансаны модернизациялау жоспарланған.
«Жолаушылар тасымалына тоқталатын болсақ, 2024 жылдың 10 айында 17 млн 600 мың жолаушы тасымалданды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6%-ға жоғары, жыл соңына дейін 21 млн жолаушы тасымалдау жоспарлануда» Марат Қарабаев
Қазіргі уақытта тек Қызылорда, Шымкент, Павлодар және Түркістан қалаларының вокзалдары толық күрделі жөндеуден өтті. Қалған вокзалдарды жөндеу бойынша қажетті техникалық құжаттар әзірленуде және қаржыландыру көздері мен механизмдері пысықталып жатыр.
Жоғарыда баяндалған теміржол саласының дамуына қатысты шаралар Қазақстанның транзиттік дәліздерін дамытумен ұштастырылған. «Солтүстік-Оңтүстік» және «Транскаспийлік» транзиттік дәліздерінің қабілетін арттыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Әлемдегі дәстүрлі қалыптасқан логистикалық бағыттардың өзгеруіне байланысты Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің маңыздылығы күннен күнге артып келеді. Оның өткізу қабілеті жылына 10 млн тонна.
«Осы жылдың 10 айында нақты тасымалданған жүк көлемі 1 млн 800 мың тоннаны құрады. Дәліздің әлеуетін ескере отырып, оның өткізу мүмкіндігін 20 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін биыл шілде айында Иран, Түрікменстан және Ресеймен аталған дәлізді синхронды дамытуға бағытталған Жол картасына қол қойылды. Сонымен қатар осы бағытқа жүк ағынын тарту мақсатында транзиттік тасымалдарға 50% көлемінде арнайы тарифтік жеңілдіктер орнатылды. Одан басқа, Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің шығыс бағытында Біріккен көлік-логистикалық компаниясының (БКЛК) үлгісі бойынша Біріңғай логистикалық оператор құру жұмыстары жүргізіліп жатыр» Марат Қарабаев
Биыл Халықаралық транскаспийлік бағыты бойынша тасымал көлемі 68%-ға өсіп, 3 млн 800 мың тоннаны құрады. Транзиттік контейнерлік тасымалдар 2,7 есеге артты. Бұл ретте, Қытайдан келетін транзиттік контейнерлік тасымалдардың 25 есеге артқанын атап өткен жөн. Оған, былтыр Сиань қаласында құрылған Қазақстан – Қытай бірлескен терминалы үлкен ықпалын тигізді. Сиань қаласындағы терминалға қосымша Поти портында да қазақстандық жеке терминал іске қосылды.
Ақтау портында қытайлық «Ляньюньган порт» компаниясымен бірлесіп контейнерлік хаб құрылысы басталды. Құрық порты бойынша «Abu Dhabi Ports»-пен бірлескен көпфункционалды «Саржа» терминалының салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дәліздің Еуропалық бөлігінде қазақстандық терминал салу мәселесі пысықталуда.
«Биыл Халықаралық транскаспийлік дәлізді дамыту бойынша келісім шеңберінде Қытай тарапымен контейнерлік пойыздардың санын арттыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Атап айтқанда, 2029 жылға дейін контейнерлік пойыздардың санын жылына қазіргі 400 пойыздан 3 мың пойызға дейін ұлғайту жоспарлануда» Марат Қарабаев
Жалпы аталған шараларды іске асыру 2029 жылға қарай теміржол тасымалдары бойынша экспорт көлемін 130 млн тоннаға дейін, транзиттік тасымалдарды 45 млн тоннаға дейін, оның ішінде контейнерлік транзит көлемін 2 млн жиырма футтық баламаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Автокөлік тасымалдары бойынша экспорт пен импорт көлемінің 2 есеге, ал транзит көлемінің 6 есеге өсуі күтілуде.