Қазақстан жаңа форматтағы білім беру ұйымдарының басшыларын дайындайды

6479
Фотосурет: Gov

Елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен жаңа форматтағы көшбасшыларды іріктеу мен кәсіби даярлау жөніндегі «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы жүзеге асырылуда, деп хабарлайды DKnews.kz.

Биылғы жылы бағдарламаға қатысуға ниет білдірушілер саны 2,5 есеге артты, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Бағдарламаға іріктеу бес кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде үміткерлер кәсіби және басқарушылық құзыреттерді бағалау үшін тестілеуден өтеді, екінші кезеңде — оқуға жіберіледі, үшінші кезеңде — елдің жетекші мектептерінде тағылымдамадан өтеді, төртінші кезеңде — қорытынды бағалауға қатысады, ал бесінші кезеңде — министрлік комиссиясымен әңгімелесуден өтеді. Барлық кезеңдердің нәтижелері бойынша білім беру ұйымдары басшыларының Республикалық кадрлық резерві қалыптастырылады.

Биылғы жылы алғашқы кезеңде 13 796 үміткер тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп. Барлық бес кезеңнің қорытындысы бойынша республикалық кадр резервіне балабақшалар, мектептер мен колледждердің басшылары лауазымдарына 375 кандидат ұсынылды.

«Оқудан, тағылымдамадан және әңгімелесуден өткен үміткерлерге сертификат беріледі. Соның негізінде одан әрі жұмысқа орналасу үшін олар кадр резервіне алынады. Резервтегілер бірінші басшының бос лауазымына конкурстық рәсімдерден өтпей тағайындалады. Атап өтейік, барлық кезеңдерден сәтті өтіп, сертификат алғандарға «басшы-көшбасшы» біліктілік санаты беріледі», - деп атап өтті Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Республикалық кадр резервіне 208 кандидат алынды, олардың 170-і мектеп директоры лауазымына тағайындалды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -