Ұлттық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында болашақ офицерлер ел үмітін ақтауға дайын. Олар әскери тәртіп пен жауапкершілікке негізделген білімдерін алып, өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен орындауға ұмтылады. Ерте жастан спортпен шұғылданып, физикалық және рухани төзімділікті дамытқан жас сарбаздар өздерінің әскери шеберліктерін жетілдіруде.
Болашақ офицерлер тек әскери дайындықпен шектелмей, көшбасшылық қасиеттерін де дамытып келеді. Олар қиын жағдайларда шешім қабылдап, еліміздің қауіпсіздігін қорғау жолында әрқашан алдыңғы шепте болуға әзір. Офицерлердің қызметі ел үшін зор жауапкершілік пен сенімге негізделген, сондықтан олардың болашағы – еліміздің қауіпсіздігі мен бейбіт өмірінің кепілі.
Сондай бір болашақ офицерлердің бірі сержант Зубаиров Нияз Марғұланұлы – еліміздің мақтанышы. Ол 2002 жылы 28 қазанда Павлодар қаласында дүниеге келіп, жастайынан күрес спортында жетістіктерге жетіп, еліне адал қызмет етуге дайындалып келеді.
Нияздың спортқа деген қызығушылығы 2010 жылы, Павлодар қаласындағы №7 мектептің бірінші сыныбында оқып жүргенде басталды. Ол грек-рим күресімен айналысып, күрес-ке деген шеберлігін шыңдады. Спорттағы алғашқы қадамдарын 5-сыныпқа дейін жалғастырды.
2014 жылы Нияз Шоқан Уәлиханов атындағы дарынды балаларға арналған «Жас ұлан» лицейіне оқуға түсіп, онда жекпе-жек түрлеріне ерекше көңіл бөлді. 9-сыныпта жекпе-жекпен айналыса бастаған ол лицейде өз білімі мен спорттағы жетістіктері үшін «Жас ұлан» төсбелгісін иеленді. Бұл марапат оның болашақ Ұлттық ұлан офицері болуға деген алғашқы қадамының маңызды кезеңі болды.
2019 жылы Нияз Ақтау қаласында понкратионнан Қазақстан Республикасының жүлдегері атанды. Сол жылы Талдықорған қаласында өткен Қазақстан Республикасының кубогында понкратион бойынша чемпиондық атаққа ие болды. 2020 жылы ол Қостанай қаласында кододан және грэпплингтен Қазақстан Республикасының кубогының чемпионы атанды. Осы жетістіктері оның спорттағы қажырлы еңбегінің нәтижесі екендігін дәлелдейді.
2021 жылы Шымкент қаласында понкратион бойынша ел чемпионы атанып, әлем чемпионатына жолдама алды. Нияздың халықаралық аренадағы жеңісі Украинадағы Харьков қаласында өтті, онда ол 100 кг салмақ дәрежесінде чемпион болды. Бұл жарыста ол Беларусь, Венгрия және Украина елдерінің спортшыларын жеңіп, өзінің шеберлігін тағы да дәлелдеді.
Нияздың жетістіктері ел алдында да жоғары бағаланып, Ішкі істер министрлігінен құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың қолынан медаль алды. Бұл марапаттар оның еліне деген адалдығы мен кәсіби шеберлігінің айқын көрсеткіші болды.
Нияздың спорттағы жетістіктері тек понкратионмен шектелмейді. Ол кудо, грэпплинг сияқты жекпе-жек түрлерінен де Қазақстанның спорт шебері (МС) атағын иеленген. Сонымен қатар, қоян-қолтық ұрыстан спорт шеберлігіне үміткер (КМС) дәрежесіне де қол жеткізді.
2023 жылы Шымкент қаласында өткен Ұлттық ұлан әскерлерінің чемпионатында жүлдегер атанып, өзінің шеберлігін одан әрі шыңдай түсті.
Зубаиров Нияз Марғұланұлы – еліміздің болашағына үлес қосатын, өз Отанының батыл қорғаушысы. Оның табандылығы мен қажыр-қайраты болашақта оны Ұлттық ұлан офицері ретінде үлкен жетістіктерге жетелейтіні сөзсіз.
Қатардағы Маржан ТАЛАПКЕР