СҚО-да білім беру және спорт саласын дамыту

4653
Фотосурет: primeminister.kz

ҚР Премьер-министрінің орынбасарының Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары маңызды әлеуметтік нысандарды аралаудан басталды. Президенттің тапсырмаларын іске асыру үшін Үкімет қабылдайтын өзекті мәселелер мен шаралар талқыланды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Сапар барысында вице-премьер Петропавлдағы «Балдәурен» бақшасында болып, мектепке дейінгі білім беру мәселелері бойынша балабақша меңгерушілерімен жиналыс өткізді. Кездесу барысында мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі өзгерістер мен ваучерлік қаржыландыру жүйесінің енгізілу мәселелері талқыланды. Бұл механизм Петропавлда келер жылдың мамыр айында іске қосылуы жоспарлануда. Қазіргі таңда қалада 49 балабақша 7 206 балаға қызмет көрсетуде.

Ваучерлік қаржыландыру жүйесі Таразда сынақтан өтіп, Шымкент және Түркістан қалаларында пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылуда. Келесі жылы бұл жүйе еліміздің барлық өңірлерінде енгізілмек.

Вице-премьер балабақша мен бастауыш сыныптардағы білім беру бағдарламаларын біріздендірудің маңызын атап өтіп, бұл үдерісте балалардың жеке даму карталары рөлінің ерекше екеніне мән берді. Бұл жаңашылдықтар «Баршаға қолжетімді сапалы білім» Ұлттық баяндамасында қарастырылған.

М. Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінде Тамара Дүйсенова «SMART» орталығы, робототехника кабинеті, қазақ тілі мен әдебиеті этно-мәдени кабинеті, «RESEARCH» орталығы және информатика кабинетімен танысты. 

Сонымен қатар білім беру басқармаларының басшылары мен мектеп директорларымен «Мақсатты мектептер» жобасын жүзеге асыру мәселесі бойынша кездесу өтті. Бұл жоба 20 білім ошағын қамтиды, оның ішінде 13-і ауылда. Жоба аясында әдістемелік қолдау, педагогтардың біліктілігін арттыру және оқу үдерісін жақсарту көзделген. Қазіргі уақытта әр мектеп үшін жеке даму жоспары әзірленіп, 10 әдіскер-ментор мен 500 мұғалім оқытылған.

Өңір педагогтары жобаны іске асырудың оң нәтижелерін айтты. Мәселен, Возвышенка орта мектебінің директоры Айгүл Мұқанова жоба білім беру мекемесінің ішкі мәселелерін анықтауға және көрсеткіштерді жақсарту бойынша нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуге көмектескенін атап өтті. 

«Бастапқыда біздің жобаға көңіліміз толмады, бірақ жұмыс барысында мұғалімдеріміз оның маңызын түсінді. Жоба әлсіз тұстарды анықтауға сеп болды. Жобалау кеңсесімен тиімді жұмыс істеу жолға қойылды, ал жүргізілген сыртқы бағалаулар әдістемелік жұмысты жақсарту үшін жеке жоспар құруға мүмкіндік берді»  Айгүл Мұканова

Сондай-ақ вице-премьер Солтүстік Қазақстан жоғары құрылыс-экономикалық колледжінде дуалды оқыту жүйесімен танысты. Колледжде сантехникалық, дәнекерлеу, ағаш өңдеу, тас өңдеу және аспаздық мамандықтар бойынша оқыту жүргізіледі. Вице-премьер колледждің заманауи құралдармен жабдықталған шеберханаларында оқыту процесін көріп, студенттермен әңгімелесті.

Колледжде техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарының басшыларымен кездесу өтті. Президенттің Жұмысшы мамандықтары жылы туралы жариялағанын ескере отырып, ТжКБ жүйесін реформалауға қатысты мәселелер талқыланды. Тамара Дүйсенова колледждер өңір үшін кадр даярлаудың негізгі базасы болуға тиіс екеніне тоқталды. 

Қазіргі таңда облыста 24 колледж бар, оларда 11 мыңнан астам студент білім алуда. 13 колледж жұмысшы мамандықтар бойынша кадрлар даярлайды, колледждер мен кәсіпорындар арасында 1 726 келісім-шарт жасалған және түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі 97%-ды құрайды. 

«Білім беру жүйесі өзара байланысты, бірізді және тұлғаны дамытуға арналған көп деңгейлі жүйе болуы тиіс. Бұл процесс барысында педагогтарымыздың рөлі зор. Мен олардың еліміздің лайықты азаматтарын тәрбиелеу үшін бар күш-жігерін жұмсайтынына сенімдімін» Тамара Дүйсенова

Тамара Дүйсенова Петропавлдағы жаңа үстел теннисі орталығында болып, өңірдегі спорт ұйымдарының басшыларымен кездесті. Кездесуде спорт саласындағы реформаларға, оның ішінде басқарудың вертикаль мәселелеріне және өңірдің балалар мен жасөспірімдер спорт мектептеріне жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізуге басты назар аударылды. Талқылау барысында осы мәселелер бойынша ашық пікір алмасу өтті. Қазіргі уақытта туризм және спорт министрлігінде сала өкілдерімен консультациялар жүргізетін арнайы жұмыс тобы жұмыс істейді. Айтылған ұсыныстар мен ескертулер түпкілікті құжатты дайындау кезінде ескерілетін болады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -