Кеше, 28 қарашада Бұқар Жырау көшесі мен Мәңгілік Ел даңғылының қиылысында Астана тұрғындары жүректі жібітер әрекеттің куәсі болды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшісі елордалық ауа райының қолайсыздығына қарамастан, өтіп бара жатқан адамдардың қауіпсіздігіне қамқорлық танытты.
Айта кетейік, құқықтық тәртіп әскерінің жауынгерлері күн сайын полиция қызметкерлерімен бірлесіп қоғамдық тәртіпті сақтау қызметін атқарады. Ұландықтар қала көшелеріндегі қауіпсіздікті, құқық бұзушылықтардың алдын алуды және тұрғындар арасында тыныштықтың сақталуын қамтпмасыз етеді. Тәртіп сақшыларымен бірлескен қызмет - тұрғындарының қауіпсіздігіне байланысты міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндік береді, әсіресе, ерекше назар аударуды қажет ететін қыс мезгілінде.
Ұлттық ұлан әскери қызметшісі әр тұрғынға жолдың тайғақтығын ескертіп, діттеген жерге жетулеріне көмектесті. Ол тек өз міндеттерін ғана орындап қоймай, қарттарға шын жүректен қолдау мен қамқорлық танытып, қозғалуы қиын адамдарға сүйеу болды.
Мұндай көрініске куә болған жандар бей-жай қала алмады. Олардың бірі:
"Бұл азамат игі әрекетімен барлығына үлгі болып, погондағы қызмет тек міндет емес, сонымен бірге адамзаттың көрінісі екенін еске салғандай. Оның азаматтық ісі осындай аязды күнде қала тұрғындарының жүрегін жылытып жіберді" деп жазды.
Бұл жағдай қамқорлық, көңіл бөлу және көмектесуге деген ықыластың ең суық күнді қалай өзгерте алатындығының айқын мысалы болды.