2025 жылдың сәуіріне дейін Арал теңізіне шамамен 1,6 млрд текше метр су жіберу жоспарланып отыр. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді. Министр азаматтарды қабылдап, Арал теңізін сақтау мәселесі туралы сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Айта кетейік, 2023 жылдың қазан айынан 2024 жылғы сәуірге дейін Арал теңізіне шамамен 1,3 млрд текше метр, ал жыл басынан бері 2 млрд текше метр су жіберілді.
Сондай-ақ, Солтүстік Арал мәселесі осы айдың басында Түркіменстанда өткен Орталық Азияның Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (МСШҮК) 87-ші отырысының күн тәртібінде болды.
«Жыл басынан бері Солтүстік Аралға шамамен 2 млрд текше метр су жіберілді. Бүгінгі таңда теңіздегі судың жалпы көлемі 22 млрд текше метрге жетті. Су дипломатиясы мен Орталық Азиядағы әріптестерімізбен тығыз жұмыстан бөлек, теңізді толтыруда су үнемдеу технологияларын енгізу де маңызды рөл атқарады. Жаңа технологияларды енгізудің нәтижесінде биыл Қызылорда облысының шаруалары 200 млн текше метрге жуық су үнемдеді. Бұл су Солтүстік Аралға жіберілді. Мәселе өте маңызды, біз оны жан-жақты қарастырып, үнемі бақылауда ұстаймыз»,- деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Еске сала кетейік, министр Түркіменстанда өткен көрші елдермен келіссөздер қорытындысы бойынша 1-ші сәуірге дейін Шардара су қоймасына 11 млрд текше метр су жіберу туралы келіскен болатын. Бұл еліміздің оңтүстік аймақтарына 2025 жылғы суару маусымы үшін қажетті су көлемін жинауға мүмкіндік береді.