Ербол Сыпатаеваның 60 жылдығын "Қазақ күресі" турнирі атап өтті

12606
Фотосурет: "Жаңашыр" ҚҚ

Алматыдағы  «ЦСКА» спорт кешенінде, (Сәтпаев көшесі, № 6 «Б») студенттер арасында қазақ күресінен турнир өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Бұл турнир Желтоқсан оқиғасы кезінде қыршын кеткен, желтоқсан қаһарманы, патриот Ербол Сыпатаевтың 60 жылдығына арналды.

Мақсаты – Желтоқсан оқиғасының маңызын жас ұрпаққа дәріптеу, желтоқсан құрбандарын. оның ішінде Ербол Сыпатаевтың есімін ұлықтау, ұлттық спортты насихаттау, жас ұрпаққа патриотизм мен мәдени дәстүрлерімізді құрметтеу сезімін қалыптастыру.

Іс-шараны ашқан Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Бағдәулет Сариев жастарға желтоқсан оқиғасының маңызын айта келіп, желтоқсан қаһармандарының отаншылдық қасиеттерінен үлгі алуға шықырды. Шын мықты жеңіске жетсін деп тілегін білдірді.

«Турнирге қаладағы 30-ға жуық жоғары оқу орындары мен колледждердің 200-ге жуық балуандары қатысып күш сынасты. Турнирдің қонақтары ретінде Е.Сыпатаевтың ауылдастары, туыстары, курстастары және өмірінің соңғы сәтінде бірге болған достары, желтоқсан ұйымдарының басшылары  қатысты» Деді турнирді ұйымдастырушы Халықаралық «Жанашыр» қорының президенті Жаңыл Әпетова

Ербол Сыпатаевтың туған бауыры Ержан Сыпатаев, қыршын кеткен ағасы Ерболдың есімін ұмыт қалдырмай, 60 жылдығына орай шаралар кешенін ұйымдастырып отырған қала әкімдігіне, «Жанашыр» қорына алғысын білдірді.

«Мен бұл турнирге осынша көп жастар қатысады деп күтпеген едім. Жалындап өсіп келе жатқан жастарды көріп қуандым. Көзіме жас келді. Шара өте жоғары деңгейде ұйымдастырылыпты. Бауырым орнынан бір аунап түскен шығар. Алғысым шексіз»

Іс-шараға қаладағы желтоқсан ұйымдарының өкілдері қатысып, балуандарға рух беріп, қолдап отырды.

«Бұл шара ұлттық күресті насихаттауға, жастар арасында бірлік пен спорттық бәсекелестікті нығайтуға ықпал ететіні сөзсіз. Ал Ербол Сыпатаевтың атында өтуі, Желтоқсан құрбандарын жастардың біліп жүруіне, ұмытпауына әсер етеді» "Тәуелсіздік 1986 Желтоқсан" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бахыт Байниязов

Үш салмақ дәрежесі бойынша өткен турнирдің 55 келі салмақ дәрежесі бойынша:

  • Бірінші орын – Дәулетхан Сейітқали (Қазақ спорт және туризм академиясы)
  • Екінші орын – Қыдырмолда Қуан (Ғ.Дәукеев атындағы Энергетика және байланыс университеті)
  • Үшінші орын – Алпысбай Асылжан және Нағашыбай Асылхан (Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті).

60 келі салмақ дәрежесі бойынша:

  • Бірінші орын – Алмабек Абылай Қазақ спорт және туризм академиясы
  • Екінші орын – Құрманғали Мирас (Қазақ Ұлттық Университеті)
  • Үшінші орын – Алмабек Ерзат (Қазақ спорт және туризм академиясы) пен Тоқтар Бекмұхамед (ҚР ІІМ М. Есполатов атындағы Алматы академиясы)

66 келі салмақ дәрежесі бойынша:

  • Бірінші орын – Сабыржанұлы Нұржан (ҚР ІІМ М. Есполатов атындағы Алматы академиясы)
  • Екінші орын – Тұрсынәлі Әлішер (Халықаралық көліктік –гуманитарлық Университеті)
  • Үшінші орын – Сұлтанмұратов Нұрсұлтан (Алматы гуманитарлы-экономикалық университеті) мен Қалдыбаев Азат (Қазақ спорт және туризм академиясы) иеленді.

Бірінші орын жүлдесі – ноутбук, екінші орын – велосипед және үшінші орын жүлдесі жаттығу тренажері мен Ербол Сыпатаевтың аты жазылып, бейнесі қойылған медаль, кубок және Дипломдар болды.

Қатысушылардың ешқайсысы құралақан қалмады. Ұйымдастырушылар атынан бәріне Алғысхаттар мен сыйлықтар берілді.

«Бүгінгі турнирге қарап, жастар ұлттық спорт түрлерін көптеп таңдау тенденциясын байқауға болады. Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті, ҚР ІІМ М. Есполатов атындағы Алматы академиясы, Қазақ Спорт және туризм академиясы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, Т. Жүргенов атындағы өнер академиясы, Ғ.Дәукеев атындағы Энергетика және байланыс университеті, Логистика және көлік академиясы Алматы колледжі, Алматы технология колледжі, Архитектура, дизайн және инженерия колледждерінен студенттердің белсенді қатысуын атап өткен жөн. Жастардың спортқа деген ынтасы қуантады» Дейді турнирдің бас төрешісі, ұлттық дәрежедегі төреші Жанкелді Хамитов

Турнир тартысты өтті. Жеңімпаздарды Желтоқсан ардагерлері құттықтап, марапаттарын өз қолдарымен тапсырды. Ұрпақтар сабақтастығының осы бір сәті жастардың жадында ұзақ сақталары сөзсіз.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -