Аягөз қаласының орталық алаңында әскери ант қабылдау рәсімі өтті. Салтанатты шарада «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Аягөз гарнизонының 10810 және 10181 әскери бөлімдеріне еліміздің он өңірінен келген 350-ден астам жас сарбаз Отан алдындағы борыштарын адал өтеуге ант қабылдады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Елдің қауіпсіздігін қорғау үшін әскерге алынған әрбір азаматтың өміріндегі ең маңызды қадамдардың бірі – әскери ант қабылдау. Аталмыш шараға қатысқан әскери бөлімдердің басшылары, аудан әкімі және ауған соғысының ардагерлері, ата-аналар жас сарбаздарға тілектерін айтып, сын сағатта сыр бермей, Отан алдындағы борышын абыроймен атқаратындығына сенім білдірді.
- Ел тыныштығын қорғау, Отанды қорғау – сарбаздардың негізгі міндеті. Осы міндетті абыроймен жүзеге асырасыздар деп сенемін. Оған командирлер мен бөлім офицерлері, сержанттар білгендерімен бөлісіп, көмектеседі. Қазақстан Республикасына қызмет етуде биік жетістіктерге жете беруге тілектеспін», – деді Аягөз гарнизоны бастығы подполковник Дастан Мухаметжанов.
Әскери өмірдің табалдырығын жаңа аттаған боз балалар бір ай көлемінде арнайы әзірленген жоспар негізінде алғашқы әскери өмірге бейімделіп, саптық жүріс пен әскери іске машықтанды. Дайындық барысында жас сарбаздар алдағы бір жыл бойы өткеретін қызметінің ережелері мен міндеттерін, жалпы әскери жарғылардың өздеріне қатысты қағидалары жайлы тәлім алды. Енді олар алған білімін тәжірибе жүзінде қолданбақ.
- Әскери бөлімнің алғаш есігін ашақан күннен бастап әскери қызмет саласында көп нәрсе үйрендім, жаңа достар таптым. Бүгін мен үшін есте қалатын күн болды. Себебі, бүгін әскери ант қабылдадым. Әскери ант қабылдау – бұл менің Отан алдындағы азаматтық борышым. Мен, Қазақстан Республикасына адал қызмет етемін!», – деп жас сарбаз Алтынбек Ырғызбаев өз қуанышымен бөлісті.