Әскери-теңіз күштерінің оқу орталығында кіші кеме мамандарының жиыны өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Матростар он күн ішінде жалпы кеме және арнайы дайындық негіздерін игерді. Жиын бағдарламасы кеменің құрылымын зерделеуді, кеме қызметін ұйымдастыруды және кеменің өміршеңдігі үшін күресте іс-қимыл алгоритмдерін әзірлеуді қамтыды. Кемеде жұмыс істеудің қауіпсіздігі мен тиімділігіне ерекше назар аударылды.
– Жиында матростар кемелердің штурмандық, зымырандық-артиллериялық және электромеханикалық жауынгерлік бөлімдері техниктерінің мамандықтарын игерді. Оқудан кейін олар әртекті кемелер дивизионының жауынгерлік кемелерінде қызмет ететін болады, – деп түсіндірді «Маңғыстау» зымыран-артиллериялық кемесінің командирі капитан-лейтенант Ермек Оспанов.
Жиын аяқталғаннан кейін салтанатты жағдайда Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының жауынгерлік дайындық жөніндегі орынбасары 1-дәрежелі капитан Данияр Хайрушев матростарға тиісті сертификаттарды табыс етті.
Өткізілген жиын еліміздің Әскери-теңіз күштері құрамында қызмет атқаратын жас мамандарды даярлаудың маңызды кезеңі болып табылады.