Қазақстан тарихы бойынша көп томдық ғылыми жұмыстың қорытындысы шығарылды

2728
Фотосурет: Akorda

Мемлекеттік кеңесші Қазақстан тарихы академиялық көптомдығының ғылыми-редакциялық кеңесінің жұмысына қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің төрағалығымен «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты академиялық көптомдық басылымның ғылыми-редакциялық алқасының көшпелі отырысы өтті.

Алқа құрамына Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, еліміздің ғылыми-зерттеу институттарының және мемлекеттік архивтің басшылары мен қызметкерлері, тарихшы ғалымдар және сарапшылар енді.

Атап айтқанда, жиынға Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының директоры Ақан Оңғар, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры Зиябек Қабылдинов, Жошы Ұлысын зерттеу институтының директоры Жақсылық Сәбитов, Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты жанындағы Тарихи материалдарды зерттеу республикалық ақпараттық орталығының директоры Меруерт Әбусейітова, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері Болат Көмеков, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Бүркітбай Аяған, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бас директорының орынбасары Ержан Торайғыров және басқа да мамандар қатысты.

Кездесу барысында Ерлан Қарин редакциялық алқаны алдағы екі аптада ауқымды жұмыс күтіп тұрғанын, басты міндет көптомдық қолжазбасына ғылыми сараптама жасау екенін атап өтті.

Мемлекеттік кеңесші заманауи ғылыми әдістерді қолдана отырып жазылған Қазақстан тарихының көптомдық басылымын дайындау туралы бастаманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы қаңтарда жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында көтергенін еске салды. Осы академиялық басылым ел тарихы жөніндегі барлық мектеп пен университет бағдарламаларына және оқулықтарына негіз болуға тиіс.

Ерлан Қарин осы жылдар ішінде Қазақстан тарихы көптомдығын дайындау үшін ауқымды жұмыс атқарылғанын, оған еліміздегі ғылыми қауымдастықтың барлық дерлік өкілдері қатысқанын атап өтті.

Әр томға ғылыми жетекшілікті Қазақстанның бес ғылыми зерттеу институты жүзеге асырды. Олар: Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Ә. Марғұлан атындағы Археология институты, Жошы Ұлысын зерттеу институты, Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты және Мемлекет тарихы институты.

Жалпы, бірегей жобаға еліміздің 250 тарихшысы мақала және бөлім авторы ретінде өз үлесін қосты.

Көптомдық басылымның қолжазбасына қатысты жұмыс әлі жалғасады. Түрлі сараптамалық талқылаулар мен ғылыми зерттеулер жоспарланған. Сонымен қатар көптомдыққа сапалы ғылыми иллюстрациялық құжаттарды, тарихи карталарды, архив құжаттарының фотокөшірмелерін және республикалық, сондай-ақ өлкелік музейлер мен архивтерден алынған басқа да материалдарды енгізу жөнінде ауқымды жұмыс жүргізіледі.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -