Ірі халықаралық компаниялар геологиялық барлауға шамамен 41 млрд теңге инвестициялады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында республиканың геологиялық саласының дамуы туралы баяндады.
UKIMET
Оның айтуынша, соңғы 30 жылда темір, марганец, алтын, уран, мұнай және газ қорларының өсуі байқалады. Еліміздің минералдық-шикізат базасына қатты пайдалы қазбалардың 987 кен орны кіреді.
«Мысалы алтын бойынша қорлардың орнын толтыру коэффициенті – 1,2. Бұл дегеніміз өндірілген 1 тонна алтынның орнына 1,2 тонна қоры толығуда. Ал, мыс, мырыш, қорғасын, алюминий қорлары бойынша тереңдетілген геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу қажет. Мәселен, мыс бойынша қорлардың толық коэффициент – 0,7. Мыстың перспективалы учаскелері белсенді түрде барлануда» Қанат Шарлапаев
Елімізде геология және жер қойнауын пайдалану салаларының ашықтығын қамтамасыз ету үшін заңнамалық және институцияоналдық реформалар жүргізіліп, 2018 жылы жаңа Кодекс қабылданды. Реформа шеңберінде еліміздің барлық аумағына геологиялық барлау мүмкіндігі ашылды.
Геологиялық зерттеу лицензиясын өтінімді бірінші болып енгізген инвесторға беру тәртібі енгізілді. 2018 жылдан бері 2906 барлау лицензиясы және 111 өндіру лицензиясы берілді. 1991 жылдан 2024 жылға дейінгі кезеңді Жер қойнауы туралы кодекстің қолданысқа енгізілу кезеңімен салыстырғанда жер қойнауын пайдалану құқығын беру 6 есеге дейін өсті.
«Соңғы 5 жылда геология саласына $1 млрд жеке инвестициялар тартылды. Сонымен қатар осы жылдың 1 қаңтарында қатты пайдалы қазбалар (ҚПҚ) қорларын CRIRSCO халықаралық жүйесіне сай KAZRC стандарттарына көшіру жүзеге асырылды. Биылғы 11 айда 58 ҚПҚ кен орны KAZRC стандарттарына сәйкес мемлекеттік балансқа қойылды» Қанат Шарлапаев
Жүргізілген реформа мен Министрлік қабылдаған шаралар елімізді геологиялық барлауға ірі халықаралық компанияларды тартты. 10 компанияның 2023 жылы жасаған инвестициясының жалпы көлемі шамамен 41 млрд теңгені (әлеуметтік міндеттемелер – 8 млрд.теңге) құрады және бұл 25 мың шаршы шақырымнан астам аумақты зерттеуді қамтамасыз етті.
Осылайша, Fortescue Ақтөбе, Қарағанды, Абай және Жамбыл облыстары бойынша 32 учаскеде барлау жұмыстарын жүргізеді. Оның барлауға салған инвестициясы 4 млрд теңгені құраған.
Әлемдегі ең ірі барлау компаниялары қатарына кіретін Rio Tinto компаниясы негізінен Ақтөбе облысында орналасқан аумақтар бойынша 10-нан астам лицензия бойынша барлау жүргізеді. Rio Tinto лицензиялардың қолданылу кезеңінде жер қойнауын барлауға 2 млрд теңге көлемінде инвестиция жасады.
Сондай-ақ Barrick, ВНР, Teck және First Quantum компаниялары халықаралық масштабтағы кен орындарын анықтау мақсатында жер қойнауын барлау жұмыстарын белсенді жүргізуде. KIGAM Корей институты Тау-Кен Самұрықпен бірге Арал өңірінде литийдің таралуын зерттеуге кірісті.
«Жерде сирек кездесетін металдар саласын дамытуға бағытталған жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу шеңберінде 12 учаскеде іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні қоры шамамен 800 мың тоннаға бағаланатын Күйректікөл учаскесі перспективалы кен орны ретінде бағаланып отыр, церий мен лантанидтерді қосы алғанда жерде сирек кездесетін металдардың 935,4 мың тонна сомасының болжамды ресурсы бар» Қанат Шарлапаев
Сондай-ақ жерде сирек кездесетін металдарды барлау жұмыстарын жеке компаниялар, атап айтқанда Cove Capital және HMS Bergbau жүргізеді.
Салаға инвестиция тарту және жерде сирек кездесетін металдар әлеуетін арттыру мақсатында Министрлік осмий мен ренийді қоспағанда, жерде сирек кездесетін металдардың баланстық қоры туралы деректерді құпиясыздандыру бойынша жұмыс жүргізуде. Жылдың соңына дейін аталған жұмыстарды аяқтау жоспарлануда.
«Министрлік геологиялық барлаудың озық әдістерін белсенді енгізіп жатыр. Солардың бірі – аэрогеофизикалық зерттеулер. Аэрогеофизикалық зерттеу жер қойнауының құрылымы туралы сапалы заманауи ақпарат береді және жер қойнауын барлауға инвестиция тарту үшін қажетті деректер көзі саналады. Пилоттық жоба Қазақстанның перспективалы өңірлерін, соның ішінде Солтүстік Балқаш және Қалба-Нарым аймағын қамтиды» Қанат Шарлапаев
Өткен жылдан бастап minerals.e-qazyna.kz Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасында орналастыру үшін 66 мыңнан астам геологиялық есеп дайындалды.
Геологиялық деректерді цифрландыру бойынша одан әрі жұмыс жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, ақпаратты өңдеудің инновациялық әдістерін қолдануды көздейтін жеке жоба шеңберінде жоспарланған. Жасанды интеллектіні қолдану еліміздің геологиясы туралы жинақталған ақпаратты тез әрі тиімді пайдалануға және еліміздің болашағын анықтау үшін деректерді талдауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ осы жылдың мамыр айында «Тау-Кен Самұрық» пен Ivanhoe қатысуымен төрт учаскеде: Ұлытау, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында бірлесіп геологиялық барлау жүргізу үшін ынтымақтастық туралы келесім жасалды. Бірлескен жұмыс кезінде Қазақстанда мыс, алтын, күміс кен орындарын 1,5 км тереңдікте анықтай алатын Typhoon технологиялары пайдаланылатын болады.
Жер қойнауын пайдалану және геология салаларын автоматтандыру мақсатында minerals.e-qazyna.kz жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасын құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Халықаралық тәжірибе (Финляндия, Канада, Үндістан, Бразилия, Норвегияның ұқсас геопорталдары) зерттелді және бизнес-процестерді қайта құру жүргізілді. Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасында инвестордың барлауға/өндіруге өтінім беруінен бастап оның аукционына және лицензия беруіне дейін жіксіз цифрландырылған процесс іске асырылды. Осы бағытта Финляндия геопорталының моделі негізге алынды.
«Былтырғы және осы жылы өткізілген аукциондардың қорытындысы бойынша бюджетке түсетін түсімдердің жалпы сомасы 9 млрд теңгеден асты. Сондай-ақ интерактивті карта әзірленді, 66 мыңнан астам геологиялық есептер орналастырылды және жер қойнауын пайдаланушылардың есептілігін электрондық түрде беруді қоса алғанда, 6 функция автоматтандырылды» Қанат Шарлапаев
Қазіргі уақытта қалған мемлекеттік көрсетілетін қызметтер, оның ішінде жергілікті атқарушы органдарды (Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстары) тарта отырып, белсенді тестілеуден өтуде. Осылайша, жыл соңына дейін жер қойнауын пайдалану және геология саласындағы қалған 19 мемлекеттік көрсетілетін қызметті Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасында іске қосу жоспарлануда.
Тау-кен саласына инвесторлар санын көбейту үшін Дүниежүзілік банктің ұсынысымен Салық кодексінің жаңа жобасы шеңберінде роялти мәселесін енгізу пысықталып жатыр.
Тау-кен металлургиясы кешенінде салық салудың ғаламдық ең танымал моделі – сатылған өнім немесе пайда көлеміне негізделген төлемдерді есептеу. Ал пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық Қазақстанда әлі күнге дейін қолданылып келеді.
«Минералды шикізаттың сату құнына негізделген роялтиді енгізу халықаралық тау-кен өнеркәсібі үшін ашық және етене таныс. Жаңа модельге көшу әлеуетті инвесторлар үшін реттеу режимін айқын әрі түсінікті етеді. Жаңа салық салу шеңберінде ел ішінде өңделетін минералды шикізаттан өңделмеген экспортталатын минералды шикізат өнімдеріне қарағанда төмен салық алу ұсынылады. Осыған байланысты, Экономика және қаржы министрліктеріне жаңа Салық кодексінің жобасына 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап өндіруге лицензия алған жер қойнауын пайдаланушылар үшін роялти нормаларын енгізу туралы тапсырма беруіңізді сұраймын. Қазақстан үшін геология саласының стратегиялық маңызын ескере отырып, Ғылым және қаржы министрліктеріне Ғылым туралы заңға толықтырулар енгізу арқылы қаржыландырылатын іргелі ғылымдар тізбесіне геологияны енгізу қажет» Қанат Шарлапаев