Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабеков Астана қаласында орналасқан 6636 әскери бөліміне арнайы барды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бас қолбасшы әскери бөлімнің жеке құрамымен және олар атқаратын жауынгерлік қызметімен танысты. Сондай-ақ әскери бөлімнің инфрақұрылымына да назар аударды.
Аңсаған Скендерұлын әскери бөлімнің командирі полковник Ерлан Буранбаев қарсы алды. Ол Бас қолбасшыға автобронетанк техникаларын, арнайы байланыс құралдарын, қару-жарақ түрлерін таныстырды. Содан кейін әскери қалашықтағы материалдық-техникалық қамтамасыз ету ротасының жатын орнын, асхана мен спорт залды және моншаны көрсетті. Әскери бөлімнің кезекші бөлімі мен штабы, сондай-ақ ерекше мұражайы да назардан тыс қалған жоқ.
Генерал-майор Аңсаған Балтабеков автомобиль паркін де шолып өтті. Ол, әсіресе, стационарлық жанармай құю орнын, байланыс боксын және қару-жарақ қоймасын тексерді.
Айта кетейік, тарихы тереңде жатқан әскери бөлім 1961 жылдың 20 қаңтарында Қазақ ССР ІІМ ішкі күзет жасағы болып құрылған. Кейін ішкі және айдауыл күзеті әскерлерінің жекек жасағы, уақыт өте келе айдауылдау батальоны болып өзгертілді. Заманның түрленген шағында түрлі өзгерісті басынан өткерген әскери бөлім 2019 жылы Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының қызметін жаңа қызметтік-жауынгерлік міндеттермен қамтамасыз ету полкі болып қайта құрылған.