Ақтөбе облысында бес күнге созылған «Сыбаға» ұлттық дәстүрлер фестивалі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Фестивальдің соңғы күнінде ақтөбелік кәсіпкерлер 1000-ға жуық ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасылар, қоғамның осал топ өкілдеріне сыбаға үлестірді. Яғни, қайырымдылық акциясы аясында шаруа қожалықтары, кәсіпкерлер ірі қара, жылқы мен түйе сойып, оның етін таратты.
Өңір жұртшылығы ұмыт болып бара жатқан «Сыбаға» дәстүрінің қайта жаңғырғандығына қуанышты.
«Ақтөбе облысының әкімдігі желтоқсан айының басынан бастап, апта бойы үлкен жоба – «Сыбаға» ұлттық дәстүрлер фестивалін ұйымдастырып жатыр. Дәстүрлеріміз дәріптеліп, ұлттық қасиеттеріміз ұлықталуда. Фестивальге үлес қосу мақсатында кеше түйе сойдық. Халыққа таратамыз. Соғым-сыбаға тарату – қазақ халқының ежелден келе жатқан ерекше дәстүрі» Кәсіпкер Амантай Үмбетай
Акцияның өтуін жастар мен волонтерлер де қолдады. Олар әр жілікті арнайы «Сыбаға» деп жазылған қораптарға салып, жерлестеріне таратты. Тұрғындар фестивальдің алдағы уақытта жалғасын табуына тілектестігін білдірді.
«Жұбайым – бірінші топ, қызым – екінші топ мүгедегі. Қазақы ауылда өстім. Күз түскен кезде қараша-желтоқсан айларында соғым сояды. Көршілерге, ағайын туысқа сыбаға тарататын. Бұл дәстүр бүгінгі күні, әсіресе, қалалық жерде ұмыт болып бара жатыр. Қазақи салт-дәстүрді әрі қарай жалғасқаны өте орынды болады деп есептеймін» Деді қала тұрғыны Орынбай Өтениязов
Шара бір жағынан ұлттық дәстүрлерімізді насихаттаса, екінші жағынан қоғамның әлсіз топтарына қолдау көрсетудің маңыздылығын тағы бір рет айқындап берді.