«Жайлы мектеп»: Түркістан облысында 29 оқу орны салынады

4917
Фотосурет: Gov

Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған 3 білім ұясының құрылысы толық аяқталып, жақын күндері пайдалануға беру жоспарланған. Өңірде дәл осындай 29 мектеп соғылуда. Онда 20 мыңнан астам оқушы білім алатын болады, деп хабарлайды DKnews.kz.

Заманауи талаптарға сай жабдықталған білім ошақтары Президент бастамасымен салынып жатыр. Барлық жауапты басшылардың басын қосқан Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды құрылыс барысын пысықтап, жұмысты ширатуды тапсырды.

– Басты назар – сапада. Жұмысты жеделдетіп, дер кезінде тапсыру керек. Ашылуға дайын мектептердің инфрақұрылым желісіне қосылуын жіті қадағалаған жөн. Ерекше жобаның құрылысы қатаң бақылауда тұр, – деді облыс әкімі.

Жиналыста ауыл мен қалада бірыңғай жобамен салынып жатқан білім ұяларының құрылыс барысы туралы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Ұлттық жобаны іске асыру департаментінің Түркістан облысы бойынша өңірлік басшысы Сәкен Әшірбаев баяндады. Мәлімдеуінше, жыл соңына дейін кестеге сәйкес жоспарланған мектептер толық тапсырылады.

Сондай-ақ мердігерлердің пікірі тыңдалып, тиісті тапсырмалар жүктелді. Жаңа мектептердің инфрақұрылымы бойынша әр мердігерден жеке-жеке есеп алынды. Қазіргі таңда өңірде ұлттық жоба бойынша салынған бір мектеп тапсырылды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -