Алматыда «Ұлттық бірлік пен келісім – Тәуелсіздік тірегі» тақырыбындағы ғылыми-танымдық конференция өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бұл шара Желтоқсан көтерілісінің 38 жылдығына және Желтоқсан қаһарманы Ербол Сыпатаевтың 60 жылдығына орайластырылды. Бұл маңызды оқиға Желтоқсан оқиғасын ұмыттырмай, қалам тербеп жүрген зерттеушілердің, Ербол Сыпатаевтың замандастары мен туыстарының басын тоғыстырды.
Конференцияны белгілі журналист, Желтоқсан оқиғасы жайлы жазылған көптеген кітаптардың авторы, философия ғылымының кандидаты Болатбек Көрпебайұлы Болатбеков жүргізіп отырды.
Бұл маңызды шараның ашу сөзі Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Бескемпірұлы Калдыбековке, қалалық мәслихаттың төрағасы Мейіржан Батырбекұлы Отынышиевке берілді.
Одан кейін сөз алған тарихшылар мен зерттеушілер Желтоқсан оқиғасының мән-маңызына, Ербол Сыпатаевтың патриоттығы мен азаматтығына тоқталды.
Тарихшы, Ғұмарбек Даукеев атындағы Алматы Энергетика және Байланыс Университетiнің кафедра меңгерушісі Болат Жоламанұлы Кабдушев Ербол Сыпатаев оқыған университетте оның өмір жолы мен өнегесіне арналған іс-шаралар үзбей ұйымдастырылып тұратынын. Келер ұрпақ ұмытпауы үшін арнайы оқу залына есімі беріліп, қабырға тақтайшасына фотолары мен естеліктер жазылғанын, аты ұлықталып отыратынын жеткізді.
«Әз Желтоқсан» ҚБ төрағасы Ербол Сәулеұлы Абдрешов өз баяндамасымен қоса, белгілі журналист-жазушы, Желтоқсан оқиғасын зерттеу жөніндегі комиссия мүшесі болған, осы тақырыптағы бірнеше зерттеу кітаптың авторы Қайым-Мұнар Табеевтің өтініші бойынша (сырқатына байланысты қатыса алмады) оның Ербол Сыпатаев жайлы жазылған зерттеу баяндамасын оқып берді.
Сонымен қатар, Желтоқсан қаһарманы Ербол Сыпатаевтың туған інісі Ержан Алшынбекұлы Сыпатаев, Ерболдың ақталуына еңбек еткен, ол туралы құжаттарды іздеуді алғаш бастаған, іздеп тауып, комиссия қарауына қосқан желтоқсаншы Ермұханбет Әбдікерімұлы Қуандық, Ерболмен бірге университетте оқыған, жатақханада бір бөлмеде тұрған, алаңда бірге болған жақын досы Нұрбақыт Тұраров, алаңға бірге барған досы Ләззат Рәтбекқызы Тоқтасынова, Ерболмен әскерде бірге болған досы Абзал Қуандықұлы Қасеновтер Ербол Сыпатаевтың қысқа да мағыналы ғұмыры жайлы сыр шертті.
Сонымен қатар, Ербол Сыпатаевтың сәби шағынан бастап 22 жылдық өмір кезеңдерінің фотолары мен құжаттарын қамтыған тақырыптық фотокөрме ұйымдастырылып, қысқаша тарихи-танымдық бейнебаян көрсетілді.
«Биыл тірі болғанда 60 жасқа толатын, қыршын кеткен Ербол Сыпатаевты еске алуға арнап халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қоры бірқатар шаралар ұйымдастырды. Алматыдағы аты берілген көшеде желтоқсандықтармен және жастармен екі рет сенбілік өткізіліп, оған 100-ге тарта адам қатысты. Мектеп оқушылары арасында ээсе жазу конкурсы өткізіліп, оған қаладағы 40-қа жуық мектептен, 200-дей бала қатысты. Студент жастар арасында Қазақ күресінен турнир ұйымдастырылып, оған 25 жоғары оқу орны мен колледждерден 200-дей балуан қатысты. Бүгінгі конференцияда Ербол Сыпатаевтың қысқа да мағыналы ғұмырының барлық қырын ашуға тырыстық. Тарихшылардың, зерттеушілердің, көз көрген дос-замандастары мен туыстарын шақырдық. Өмірінің әр кезеңіне тән фото, құжаттарын (барынша) туыстарынан, достарынан жинап, ғұмырының сәулелі тұстарын көрсетуге тырыстық. Шағын бейнебаянда да бүгінгі ұрпаққа үлгі болар отаншыл, адамгершілігі мол Ербол бейнесі айтылды» Дейді шара ұйымдастырушысы, халықаралық «Жанашыр» қорының президенті Жаңыл Әпетова
Конференцияға бірқатар мәслихат депутаттары мен тарихшылар, желтоқсан ұйымдарының жетекшілері, жастар және БАҚ өкілдері қатысты.
Жиында Желтоқсан ұйымдарының басшылары Аманғазы Кәріпжанов, Гүлбахрам Жүніс, Болат Құрымбаевтар да өз ойларымен бөлісті.
Шараны Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының тапсырысы бойынша Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қоры «Патриоттық рух – басты құндылық» жобасы аясында өткізді. Мүндай шаралар тарихты есте сақтау мен жастардың бойында патриотизмді қалыптастыруда маңызды болмақ.