Қарағанды қаласының жастар ресурстық орталығы құқықтық тәртіп әскерінің 5451 әскери бөліміне экскурсия ұйымдастырды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Экскурсияға «Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжінің» оқушылары қатысты.
Экскурсия барысында оқушылар әскери бөлімнің ішкі құрылымын, арнайы техникалар мен қару-жарақтармен танысты. Әскери қызметкерлер экскурсияға қатысушыларға Ұлттық ұланның елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы атқаратын қызметтері, түрлі арнайы операциялар мен тапсырмалар туралы айтып берді. Сондай-ақ, оқушыларға әскери қызметтің жауапкершілігі мен маңыздылығын түсіндіру үшін, бөлім бастығы мен әскери қызметкерлер өздерінің тәжірибелерімен бөлісті.
Шара соңында оқушыларға әскери форма, қару-жарақтарды көрсету мен өздері тәжірибе жасап көру мүмкіндігі берілді. Бұл экскурсия оқушылардың әскери салаға қызығушылығын арттырып, болашақта Отан алдындағы міндеттерін адал орындауға деген ынтасын күшейтуге бағытталған маңызды қадам болды.
- Өмірімде алғаш рет әскери қызметшілер қолданатын қару-жарақ түрлерімен танысып, қолыма ұстап көрдім. Бізге әскери эпикровкаларды киіп көруге де рұқсат берді. Арнайы техникаларға да отырдық. Келешекте мен де Ұлттық ұланда қызмет етіп, әскери қызметші болғым келеді, - деді оқушылардың бірі.
Жасөспірімдер аз уақыттың ішінде әскери сала жайлы біраз мағұлматқа қанықты. Тіпті олардың арасында әскери қызметші болуға құлшыныс танытқандар да болды.
- Әскери бөлімге саяхат ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін 5451 әскери бөлімінің басшылығы мен өкілдеріне алғыс білдіреміз, - деді «Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжі» КММ өкілі А.. Шакаримова.