2024 жылғы 12 желтоқсанда Атырауда Энергетика министрлігінің жұмысы шеңберінде Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ ірі жобаларында В тобы бойынша мұнай-газ машина жасау тауарларын оқшаулау жөніндегі IMB орталығының семинары (құбыр өнімдері, сорғылар мен тығыздағыштар, «ОВКВ» жүйелері және технологиялық сүзгілер) өткізілді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шараға 35-ке жуық отандық тауар өндірушілер мен жұмыстарды (қызметтерді) жеткізушілер, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ өкілдері және қоғамдық бірлестіктер қатысты.
Вице-министр Қ.Арымбек сөйлеген сөзінде ірі мұнай-газ жобаларының (НКОК, КПО, ТШО) операторларымен бірлесіп жер қойнауын пайдалану мақсатында пайдаланылатын тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу кезінде елішілік құндылықты арттыру және отандық өндірушілерді қолдау бойынша тұрақты негізде жүргізіліп жатқан жұмыстарды атап өтті.
Жүзеге асырылатын жұмыс нәтижелерінің бірі қазақстандық жұмыстар мен қызметтерді жеткізушілерді ынталандыруға және қолдауға бағытталған құралдар мен тетіктер көзделген НКОК, КПО және ТШО жергілікті қамтуды дамыту бағдарламасын қайта қарау болып табылады. Жақында жаңартылған бағдарламаларды қабылдау күтілуде.
Бүгінгі күні Операторлардың нақты көрсеткіштерді бекітуге және отандық мұнай-газ жабдықтарын өндірушілердің қолжетімділігін жеңілдетуге бағытталған тендерлік рәсімдерге өзгерістер қабылдау мәселелері соңғы кезеңдері қарастырылуда.
Семинар соңында салтанатты түрде НКОК, КПО және ТШО және отандық тауар өндірушілер, жұмыстарды (қызметтерді) жеткізушілер арасында 17 млн.АҚШ долларынан астам сомаға 10 келісімшартқа қол қойылды.
Энергетика министрлігінің бұл бағыттағы жұмысы жалғастырылатын болады.
Сондай-ақ, бүгін Атырау қаласында вице-министр Қ.Арымбек көмірсутектер саласында жер қойнауын пайдалануға жасалған барлау келісімшарттары, сондай-ақ алдағы жылға арналған алдағы жоспарлар шеңберінде Атырау облысының жер қойнауын пайдаланушыларының атқарған жұмыстары туралы мәселелерді талқылау бойынша кеңес өткізді.
Вице-министр көмірсутектер саласындағы компаниялардың бірінші басшыларының жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың талаптарын сақтау және жобалық шешімдерді орындау жөніндегі ақпаратын тыңдады.
Жер қойнауын пайдаланушыларға рәсімдерді айтарлықтай оңтайландыруға бағытталған 2024 жылы Жер қойнауы туралы заңнамаға енгізілген өзгерістер туралы ақпарат жеткізілді.
Мұнай-газ компаниялары барлау ұңғымаларын бұрғылау, мұнай мен газдың жедел қорларын жасау, кен орындарын сынамалық пайдалануға беру, бұрын бұрғыланған ұңғымаларды балансқа қабылдау және т.б. туралы ақпарат берді.
Энергетика министрлігі барлау мен өндірудің келесі кезеңдеріне уақтылы көшу үшін белсенді іздеу және бағалау жұмыстарын жалғастыруды ұсынды.