Қызылорда облысына жұмыс сапары аясына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова өңірдің білім және спорт салаларының мамандарымен кездесті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Онда аталған бағыттар бойынша аймақты дамытудың өзекті мәселелері мен келешегі талқыланды.
Вице-премьер балабақша меңгерушілерімен мектепке дейінгі білім беру мәселелері жөнінде кездесу өткізді. Талқылаудың негізгі тақырыбы жүйедегі өзгерістер мен ваучерлік қаржыландыру тетігін енгізу мәселелері болды. Аталған механизм Қызылордада келер жылдың мамыр айында іске қосылады деп жоспарланып отыр. Аймақта бүгінде 49 880 балаға қызмет көрсететін 677 балабақша жұмыс істеп тұр.
«Қаржы орталығы» АҚ басшысы Асқар Ибраимовтің мәлімдеуінше, ваучерлік қаржыландыру жүйесі Таразда сынақтан сәтті өтіп, Шымкент, Түркістан және Орал қалаларында пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылып жатыр. Таразда аталған ваучерлер 1,5 жастағы балаларға берілсе, ал Шыментте балабақша кезегі толығымен жаңарған. Келесі жылы бұл жүйе еліміздің барлық өңірінде енгізілмек.
Вице-премьер балабақша мен бастауыш сыныптардағы білім беру бағдарламаларын біріздендірудің маңыздылығын атап өтіп, бұл үдерісте балалардың жеке даму карталары рөлінің ерекше екенінбаса айтты. Аталған жаңашылдықтар «Баршаға қолжетімді сапалы білім» ұлттық баяндамасында қамтылған.
Сонымен қатар білім беру басқармасы басшылары мен мектеп директорларының қатысуымен «Мақсатты мектептер» жобасын жүзеге асыру мәселесі бойынша кездесу өтті. Аталған жоба алғашқы кезеңде 71 білім ошағын қамтиды, оның 63-і ауылда орналасқан. Жоба аясында әдістемелік қолдау, педагогтердің біліктілігін арттыру және оқу үдерісін жақсарту көзделген. Қазіргі уақытта әр мектеп үшін жеке даму жоспары әзірленген.
Тірек мектептер әлеуетін дамыту жобасы да өңірде іске асып келеді. Мәселен, Арал ауданындағы №62 мектеп-лицей «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры, Білім беруді тұрақты дамыту қоры мен Назарбаев зияткерлік мектептерінің көмегімен 250 млн теңгеге пәндік кабинеттерді жабдықтап, ұстаздары әдістемелік көмек алған. Білім ошағының директоры Жасұлан Айтжановтың сөзінше, қазірде 7 шағын жинақты мектептермен байланыс орнатылып, ұстаздар арасында тәжірибе алмасу процесі жолға қойылған. Айта кетейік, бүгінде аймақта 12 шағын жинақты білім ошағы бар.
Сондай-ақ вице-премьер техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарының басшыларымен кездесу өткізді. Онда Президенттің Жұмысшы мамандықтары жылы туралы жариялағанын ескере отырып, ТжКБ жүйесін реформалауға қатысты мәселелер талқыланды. Тамара Дүйсенова колледждер өңір үшін кадр даярлаудың негізгі базасы болуға тиіс екеніне тоқталды.
Қазіргі таңда облыста 28 колледж бар, оларда 20 мыңнан астам студент білім алуда. Халықаралық оқыту стандандарттарын енгізіп жатқандары да бар. Мәселен, Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжі «энергетика» бағытында халықаралық National Center for Construction Education & Research (NCCER) аккредиттеуден өтпек.
«Халықаралық стандарт енгізу колледжіміз үшін жаңа мүмкіндіктерді ашып отыр. Түлек қолындағы бұл сертификат әлемнің 70 елінде мойындалған. Демек оқу бітірген студенттің жұмысқа орналасуы жеңілдейді. Жалпы елдегі колледждер трансформациясы аясындағы жұмыстар техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің қолдауына ие болып отыр» Колледж директоры Абайбек Жүнісов
Вице-премьер Мемлекет басшысы елдегі білім сапасын арттыруға қатысты нақты міндеттер қойғанын, оны жүзеге асыру бағытында бірқатар іс-шара атқарылып жатқанын баса айтты.
«Балабақша табалдырығын аттаған бүлдіршін 20 жыл бойы білім беру жүйесінде тәрбиеленеді. Біздің мақсат азаматтар үшін тұлғалық қасиеттерді дамытатын көпдеңгейлі, бірізді жүйе құру. Бұл ретте балабақша, мектеп, колледж, университет ұстаздарына артылар жауапкершілік жоғары» Тамара Дүйсенова
Вице-премьер Қызылордадағы жаңа үстел теннисі орталығында болып, өңірдегі спорт ұйымдарының басшыларымен кездесті. Кездесуде спорт саласындағы реформаларға, оның ішінде басқарудың вертикаль мәселелері, басым спорт түрлерін анықтау және өңірдің балалар мен жасөспірімдер спорт мектептеріне жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізуге басты назар аударылды. Енгізілгелі жатқан өзгерістер туралы туризм және спорт вице-министрі Серік Жараспаев баяндады.
Қазіргі уақытта ведомствода сала өкілдерімен консультациялар жүргізетін арнайы жұмыс тобы құрылған. Айтылған ұсыныстар мен ескертулер түпкілікті құжатты дайындау кезінде ескеріледі.