Ұлттық ұланның Ақтау қаласында орналасқан 6656 әскери бөлімінің жауынгерлері қаладағы қоғамдық тәртіпті сақтау кезінде қырағылық танытты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Оқиға ағымдағы жылдың 12 желтоқсан күні орын алған. 6656 әскери бөлімінің патрульдік топ бастығы қатардағы Азат Амангелдин, өзінің серіктестерімен бірге №708 бағыт бойынша қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүреді.
Әскери жасақ құрамы кешкі сағат 20.15 шамасы кезінде, 2-шағын ауданынындағы 15 үйдің қасынан күдікті адамды байқайды. Күдіктінің қасына барып, полиция қызметкерлерімен бірлесіп тінту жұмысын жүргізу барысында күдіктіден өзіндік өткір иісі бар, «марихуана» тәріздес шөп табылады. Ұландықтар оқиға орнына жедел тергеу тобын шақырып, күдіктіні Ақтау қаласының полиция басқармасына жеткізеді. Қазіргі таңда аталмыш оқиға бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде.