Тәуелсіз Отанымыз – Қазақстан 33 жыл ішінде дамудың даңғыл жолына түсті. Тәуелсіздік алған жылдары дүние есігін ашқан тәуелсіз еліміздің азаматтары мен азаматшалары, тәуелсіздік құрдастары да сан саланы меңгеріп, бірі басшы, бірі кәсіпкер, ал енді бірі Отан қорғау жолын таңдап еліміздің қарулы күштер қатарында түрлі маман иесі болып қызмет атқарып келеді.
Бүгінде әскер қатарында Отан алдындағы әскери борышын адал абыроймен атқарып жүрген жауынгерлеріміздің басым бөлігі еліміздің егеменді ел болған кезеңдерінде дүние есігін ашып ер жетті. Сол үшін олар азат елдің ұрпағы ретінде еркіндік қасиетіне ерекше ие. Дүниеге шыр етіп келген күннен бастап «тәуелсіз елдің ұрпақтары» деген аталы сөзді естіп өсті.
Қазіргі уақытта Тәуелсіздікпен түйдей құрдас, 33 жасқа келген жастар – әр саланың тізгінін ұстаған егемен елдің айбынды ұландары. Елдің дамуына өзіндік үлес қосып, көпке үлгі болып жүрген азаматтар. Бірі – өнерде, екіншісі – спортта, ал ендігісі қоғам игілігі үшін аянбай еңбек етіп жүрсе, енді бірі Отан қорғау жолын таңдап еліміздің түрлі әскери құрлымдарында өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Осы бір қастерлі де қасиетті Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасының Ұлттық ұлан «Батыс» өңірлік қолбасшылығының тәуелсіздікпен құрдас бір топ әскери қызметшілерін әңгімеге тартқан болатынбыз. Сіздермен солардың жүрекжарды ой-пікірлерімен бөлісуді жөн көрдік.
Майор Нұрлан Жұмабеков
Мен азаттықтың ақ таңы атқан жылы Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар қаласында дүниеге келдім. Әскери қызметке деген қызығушылығым мектеп қабырғасынан басталды, болашақта кім болам деген сұрақ төңірегінде көп ойланған жоқпын. Өзімді жастайымнан Отан қорғаушы ер азамат ретінде сезінетінмін. 2009 жылы мектеп бітірген соң көп ойланбастан ҚР ІІМ Ішкі әскерлерінің жоғарғы оқу орнына әскери институтқа түстім. Аталмыш оқу орнын 2013 жылы бітіріп, алғашқы офицерлік «лейтенант» шеніне қол жеткіздім. Сол уақыттан бері әр түрлі сатыдағы лауа-
зымдардан өтіп, қазіргі таңда Ұлттық ұланның Орал қаласындағы 5517 әскери бөлімінде өз қызметімді атқарып келемін.
Еліміз тәуелсіздік алғалы мемлекетіміздің жағдайы бірталай жақсарды. Мәселен, өзім туып өскен Қызылжар қаласында маңызды оқиғалар көп болды. Көптеген ғимараттар бой көтеріп, мекемелер, саябақтар, спорттық нысандар мен мектептер ашылды.
Бақытты балалық шағымды ата-анамның құшағында, бауыр-
ларымның ортасында алаңсыз өткізіп, елмен бірге есейдік. Бұл елдегі тыныштық пен тәуелсіздіктің арқасы деп ойлаймын. Тарих беттерінен мен өмірге келген жылдары еліміздің талай қиын кезеңдерден өткенін оқып жүрміз. Туған Отанымның төл тарихын өте жақсы оқыдым, бабаларымыз аңсаған егемендіктің жолының ауыр қасіретке толы болғанын білемін. Сол бабалар аманатына адал болып, бабалар аманатын өзімізден кейінгі ұрпаққа жеткізу біздің қасиетті парызымыз деп білемін. Тарихи күнді отбасыммен бірге өткізуге, достармен кездесуге тырысамын. Алайда жауынгерлік қызметімізге байланысты мереке күндері күшейтілген түрде қызмет атқарамыз. Өйткені біз - Ұлттық ұлан жауынгерлері – мемлекеттің ішкі тәртібін қамтамасыз ететін құқықтық тәртіп әскері ретінде күнделікті халықтың ортасында қоғамдық қауіпсіздікті, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын күзетіп, қадағалауымыз керек. Елімнің жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етіп, нағыз патриот, рухты жауынгер тәрбиелесек менің Отанымның өркендеуі жолына қосқан бір үлесім деп білемін. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай!
Аға сержант Рауан Макулов
Мен тәуелсіздік таңымен бірге түлеген ұрпақпын. 1991 жылы 26-наурызында Батыс Қазақстан облысы Казталовка ауданы Талдықұдық ауылында дүниеге келдім. 1998 жылы өзімнің ауылымдағы Қ. Сәтпаев атындағы қазақ орта мектеп қабырғасына қабылданып, сол аталмыш мектепте тоғызыншы сыныпқа дейін оқып, 2007 жылы Ақмола облысына қарасты Щучинск қаласында орналасқан Ш. Уәлихан-
ов атындағы Қорғаныс министрлігінің әскери колледжіне оқуға түстім. Кәсіби сержанттар дайындайтын оқу орнын 2010 жылы аяқтап өзімнің әскери қызметімді Алматы облысына қарасты Сарыөзек ауданында орналасқан ҚР Қорғаныс министрлігінің 12940 әскери бөлімінен бастадым. Арада жылдар өтіп ел әскерінің қолдауымен 2013-2014 жылдар аралығында Америка Құрама Штатына барып, бір жыл бойы әскери білімімді жетілдірдім.
Қазіргі таңда Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығы басқармасында ұйымдас-
тыру жұмылдыру және жасақтау бөлімшесінде аға маман жауапты орындаушы болып өз қызметімді атқарудамын.
Әрине, тәуелсіз Қазақстанның төл құрдасы болу үлкен мәртебе. Бұл мереке менің өмірімнің айтулы сәті. Менің ата-анам, мен дүниеге келген жылдардағы жағдайдың қаншалықты қиын болғандығын әлі күнге дейін айтып отырады. Отын тапшылығы, жұмыссыздық, тағы басқалары бар. Десек те, олар сол қиындықтарға төтеп беріп, ыстығы мен суығына шыдай білді. Тәуелсіздікке қол жеткізу оңайлықпен келмегені белгілі. Тәуелсіздік ата-баба арманы, кешегі 1986 жылғы боздақтардың бізге берген аманаты, оны сақтап қалу біздің міндетіміз екені айқын. Отан қорғау ісі маңызды салалардың бірі екені анық. Кейінгі жылдары Қазақстан Республикасының Қарулы күштері, соның ішінде Ұлттық ұлан әскеріде дамып, алға қарай өркендеп келеді. Әсіресе соңғы жылы Қарулы күштер қатарында орын алып жатқан жаңалықтар көз қуантады. Осы тұста айтпағым, еліміздің Қарулы күштері заманауи техникалармен жабдықталып, әскер қатарындағы жастарға тегін білім алу мүмкіндіктері қарастырылып отыр. Сондай-ақ келесі жылдан бастап әскерилердің жалақысын көтеру де көзделіп отыр. Тек бұл ғана емес айта берсек өзгерістер өте көп. Оны өздеріңізде көріп, естіп жүрсіздер.
Иә, еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері көп нәрсе өзгерді, халықтың әл-ауқаты жақсарды. Қазіргі таңда Ұлттық ұлан әскерінде қызмет етіп, еліміздің өркендеуіне азда болса өз үлесімді қосып жүрмін деп білемін. Әрине өзімнің алдыма қойған армандарым мен мақсаттарым көп. Жалпы айтқанда елге елеулі, халыққа қалаулы адам болу – мақсатымның шыңы.
Ефрейтор Ақжарқын Қабекенова
Менің ата-анам 1991 жылы дүниеге келген қызының қуанышы ел тәуелсіздігімен тұспа-тұс келгенін үнемі айтып отыратын. Мен 1991 жылы 22 шілдеде Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы Тасқала ауданы Ақтау ауылында дүниеге келдім. Оралда орналасқан Қазақстан инновациалық-технологиялық университетінде қаржы есепші маманы бойынша білім алдым. Аталған жоғарғы оқу орнын бітіріп көптеген мемлекеттік мекемелерде қызмет атқардым. 2020 жылы әскерилерден Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығы басқармасына қызмет етуге ұсыныс келіп түсті. Көп ойланбастан әскерилердің ұсынысын қабыл алып, әскери қызметші болып жұмысқа қабылдандым. Қазіргі таңда «Батыс» өңірлік қолбасшылығы басқармасында қаржы бөлімінде жұмыс істеймін.
«Елдің ертеңі – жастар» десек, жастардың жүйрік ойлы, зерек те жан-жақты, әділетті де бәсекеге қабілетті болып өсуі – басты мақсат. Мектеп қабырғасында жүргенде ұлағатты ұстаздардан тәлім алдым. Қандай маман иесі болсамда елімізге азда болса пайдам тисе деп ойлайтынмын. Өз өмірімді әскери қызметпен байланыстырып, еразаматтармен бірге иық тірестіріп Отан қорғау ісіне азда болса өз үлесімді қосып жүргеніме мақтанамын. Еліміз тәуелсіз ел болып, әрбір күні тарих беттерінде қалған 33 жыл ішінде көптеген жетістіктерге жетті. Осының барлығы — Қазақстанның тәуелсіз ел болуы мен Президентіміз Қасым- Жомарт Тоқаевтың саясатының арқасы. Сондықтан берілген бар мүмкіндікті пайдаланып, Отанымызға адал еңбек етіп, Қазақстанды биікке жетелейік.
Ел басына күн туғанда елі үшін қолына қару алып, майдан даласында жаумен алысқан Әлия мен Мәншүк апаларымыздың ерлігінен өзіме қуат, жігер аламын. Ұлттық ұланның қатарында қызмет етіп, Отан қорғаушысы деген қасиетті ұғымды тәуелсіз елмен тең байланыстырамын, себебі еркін елдің ертеңінің жарқын, бейбіт болуы үшін де еңбек етіп келеміз. Егемен мемлекетімнің болашағы болар Мадина, Досымжан есімді ұл-қыз тәрбиелеп отырмын. Олардың батыл, отансүйгіш, иманды, білімді азамат болуы үшін барымды салып келемін. Күнделікті мектепте жеткен жетістігіне мені ана ретінде қатты қуантады. Балаларымның болашағы жарқын, егемен елімнің ертеңі ертегідей болсын деп тілеймін!
Жалпы, халқымызда «Отан» деген ерекше ұғыммен бірге айтылатын ұлы сөз бар. Ол – Тәуелсіздік. Ата – бабамыз «ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен» сақтап, бүгінгі ұрпаққа мирас еткен мол мұра мен күреспен келген тәуелсіздікті біз қорғап – қастерлеуіміз керек.
Сөз соңында айтарымыз, осындай елінің ертеңіне алаңдайтын жастарымыз бен Отан қорғайтын алып азаматтарымыз көп болсын. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз баянды болғай.
Әңгімелескен майор Ертуған Әубәкір, Орал қаласы