Тәуелсіздік күні – еліміздің еркіндікке қол жеткізген тарихи сәті. Тәуелсіздік – барша Қазақстан халқы ерекше қадірлейтін, өткеннен тағылым алып, келешекке байыпты қадам жасайтын маңызды күн. Біз еркіндігімізді әрқашан мақтан тұтып, қастерлей білуге тиістіміз. Бұл – біздің азаматтық парызымыз, адамдық борышымыз.
Қазақстандықтар алмағайып өтпелі кезеңнің барлық қиындықтарын жеңіп, әлемдік сахнаға көтерілді. Республикамыздың осындай биіктерді бағындыруына еліміздің барлық саладағы азаматтары үлес қосып келеді. Рухы биік, намысы берік бабаларымыздың ғасырлар бойғы асыл арманы болған азаттықты аялау, тағдыры ортақ тұтас халқымыздың татулығын сақтау – біздің басты мұратымыз. Мемлекетіміздің қарқынды дамуы тұрақты саясат пен ішкі бірліктің арқасы.
Тұрақтылық жолында Ұлттық ұланның да қосып отырған үлесі зор. Әскерімізде жаңашыл бастама мен көптеген игілікті істер жасалап жатыр. Соның бәрі елдегі құқықтық тәртіп пен қоғамның тыныштығын сақтау, азаматтардың алаңсыз өмір сүруі үшін сенімді қалқан бола білу мүддесін көздейді. Заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жолында Ұлттық ұлан жеке құрамының көрсеткен жанқиярлық ерліктері мен батыл әрекеттеріне куәміз. Ұландықтар өз міндеттерін атқаруға аса үлкен жауапкершілікпен қарап, табандылық пен тұрақтылық көрсетуде. Жауынгерлеріміз қандай тапсырма болса да, орындауға дайын, тәулік бойы үздіксіз қызмет етіп, елдің тыныштығына кепіл бола алады. Әрине мұның бәрі – біздің тәуелсіз еліміздің нығаюы жолындағы күнделікті іске асыратын жауынгерлік борышымыз!
Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік! Көк байрағы желбіреген, бүгінгідей абыройлы да айбынды, беделді де берекелі, ынтымағы мен бірлігі жарасқан еліміздің тәуелсіздігі баянды болғай.
Қазақстанның дамуы мен кемелденуі жолындағы барлық бастамалар сәтті болсын. Тәуелсіздіктің тұғыры биік, мемлекетіміздің мерейі үстем, еліміздің егемендігі баянды болсын! Көк байрағымыз-дағы алтын қырандай еліміз қанатын кеңге жайып, асқар биіктерден көрінсін! Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнімен құттықтаймын!
Генерал-майор Талапкер Әміреев