Орал қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517 әскери бөлімінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған волейболдан жарыс өткізілді. Спорттық бәсекеде 6 команда - барлығы 50-ге тарта спортшы бақ сынады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Спорттық жарыстың ашылу салтанатында 5517 әскери бөлімінің командирі подполковник Өміржан Сахатов сөз сөйлеп, әскери қызметшілердің арасында спортшылардың шеберлігін шыңдау өте маңызды екенін айтты. Сонымен қатар қатысушыларға сәттілік тілеп, спортпен тұрақты айналысып, салауатты өмір салтын орнықтырудың маңызын атап көрсетті.
Ойын алаңына алғашқылардың бірі болып, Орал қаласының 5517 әскери бөлімінің басқарма құрама командасы мен «Батыс» өңірлік қолбасшылығының басқармасының волейболшылары шықты. Алғашқы минуттарда 5517 әскери бөлімінің басқармасы шабуылдарын үдетіп жойқын соққылар жасап, есепті еселеп алды. Деседе қарсылас команда да қарап қалмады, ойын тізгінін өз иеліктеріне алған олар қарсылас команданың қателіктерін ұтымды пайдаланып есепті теңестіре білді. Ойынның аяқталуына санаулы минуттар қалғанда қос команданың ойыншылары барларын салып ойнады. Алайда шапшаң қимылдаған 5517 әскери бөлімінің басқарма командасының айы оңынан туып жеңіске жетті.
Өткізілген жарысқа қатысушылар бар шеберліктерін көрсетіп, өз командасы үшін аянып қалмады. Тартысты өткен жарыстың қортындысы бойынша әскери бөлімнің оркестр құрама командасы бірінші орынға қол жеткізсе, екінші орынды жедел мақсаттағы батальонның ойыншылыры иеленді, ал үшінші орынды 5517 әскери бөлімінің басқарма командасы қанағат тұтты. Жеңімпаз-жүлдегерлер кубок, грамота, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
ҚР ҰҰ «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі