Алматы қаласында контрафактілік темекі өнімдерінің заңсыз айналымы тоқтатылды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Турксіб және Алмалы аудандарының мемлекеттік кірістер басқармаларымен бірлесіп, қаланың ірі базарларында заңсыз акцизделетін өнімдер айналымының фактілерін анықтап, тоқтатты.
Тексеру шаралары нәтижесінде «Алматы-1», «Турксиб», «Жетысу-Семиречье», «Барыс» және «Жұлдыз» базарларында заңсыз айналымнан 20 780 қорап контрафактілік темекі және 73 қорап кальян темекісі, сәйкестендіру белгілерінің жоқтығы анықталып тәркіленді. Тәркіленген өнімнің жалпы құны 13 783 760 теңгені құрады.
Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодексінің 283-бабы, 2-тармағына сәйкес, әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, айыппұл мөлшері 150-ден 500 АЕК-ке дейін, бұл сот шешімімен айқындалады.
Қазіргі уақытта аталған іс бойынша материалдар сот органдарына жолдануда, әрі қарайғы процессуалдық шешімдер қабылданатын болады.
Контрафактілік өнімдер азаматтардың денсаулығына үлкен қауіп төндіретінін ерекше атап өту керек.
Мемлекеттік кірістер департаменті Алматы қаласының тұрғындарын күмәнді шығу тегі бар темекі өнімдері мен алкоголь сатып алғанда сақ болуға шақырады. Заңсыз акцизделетін өнімдердің сатылуы туралы анықталған фактілер бойынша Алматы қаласының тұрғындары Мемлекеттік кірістер департаментіне келесі мекен-жай бойынша хабарласа алады: Алматы қ., Панфилова көшесі 110, 216-кабинет, телефон: 8(727) 267-35-62.