Ұлттық ұланның Шымкент қаласында орналасқан 6698 әскери бөлімінің жауынгерлері кезекті сайыста үздік деп танылды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Осы жылдың 5-6 желтоқсанында Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығының 2024 жылдың 2 жарты жылдығына арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 7552 әскери бөлім базасында жауынгерлік қызмет шеберлерін анықтау мақсатында сайыс өткізілген болатын.
Ондағы басты мақсат жауынгерлік қызметтің сапасын жетілдіру мен арнайы мамандар арасында озық тәжірибелермен алмасу болды. Сайыста бақ сынаған бірнеше әскери бөлімнің жауынгерлері арасынан 6698 әскери бөлімінің жауынгерлері үздіктер қатарынан көрінді.
Сайыс қорытындысы бойынша күзеттің техникалық құралдарын басқару пультінің үздік сақшы-операторы болып 6698 әскери бөлімінің әскери қызметшісі ефрейтор Амирбеков Ғабит Кумисбекович танылса, қылмыстық атқару жүйесі мекемесін күзету бойынша үздік сақшы болып қатардағы жауынгер Медғатов Ағайдар белгіленді. Ал айдауылдау бойынша үздік қарауыл бастығы аға сержант Запаров Вахит болды. Жауынгерлік қызметтегі үздік көрсеткіштері үшін 6698 әскери бөлімінің бірнеше әскери қызметшілерімен қатар сарбаздары да марапатталды.
Осылайша 6698 әскери бөлімінің әскери қызметшілері жылды үздіктер қатарында қорытындылады. 6698 әскери бөлім командирі барлық жетістікке жеткен жауынгерлерге жеке құрам алдында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының марапаттарын табыстады.