Жетісудағы қар көшкіні: ТЖМ қызметкерлері 136 адамды құтқарды

3696
Фотосурет: Gov

Жетісу облысында ауа райының күрт нашарлауына, қатты боранға, бұрқасын мен нөлдік көрінуге байланысты Үшарал-Достық автожолында бірден бірнеше төтенше жағдай орын алды. Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары қар құрсауында қалған жүргізушілер мен жолаушыларды жедел эвакуациялады. Өткен тәулікте 136-дан астам адам құтқарылды. Құтқарылғандар арасында 67 шетелдік азамат болды,  олар Беларусь Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Әзербайжан Республикасы және Ресей Федерациясының азаматтары. Ешкімге медициналық көмек қажет болмады, деп хабарлайды DKnews.kz.

Ырғайты учаскесінде қатты боран мен бұрқасын салдарынан 30 жүк және бір жеңіл автокөлік қар құрсауында қалды. Құтқарушылар жедел түрде көмекке аттанды. Өтімділігі жоғары арнайы техника, соның ішінде вахтовка мен «Трэкол» жол талғамайтын көліктерінің көмегімен құтқарушылар 40-тан астам адамды Үшарал қаласына жеткізді.

Автожолдың  басқа учаскесінде Ырғайты мен Жалаңашкөл арасында тағы 26 жүк көлігі қар құрсауында қалды. Құтқарушылар жүргізушілерді Көктұма ауылына эвакуациялады, жергілікті атқарушы органдар ыстық тамақ ұйымдастырды. Осы операцияның нәтижесінде 26 жүргізушіге көмек көрсетілді.

Достық станциясындағы №10 өрт сөндіру бөлімінің күшімен тағы бір ірі құтқару операциясы жүргізілді. Қар құрсауында 2 жеңіл және 19 жүк көлігі қалып қойды. 69 адам, оның ішінде  Алакөл шекара басқармасының 20 әскери қызметкері эвакуацияланды. Зардап шеккендердің барлығы Достық станциясына жеткізілді.

Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарға қыс мезгілінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажеттігін ескертеді. Дауылды ескертулерге назар аударып, ауа райының күрт нашарлауы жағдайында сапарға шықпауға шақырады.

Төтенше жағдай туындаған сәтте «112» бірыңғай құтқару қызметінің тәулік бойы жұмыс істейтін нөміріне хабарласыңыз.

Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз!

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -