Жас сарбаздар Отанға адал болуға ант берді

5379
Фотосурет: Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі

Аягөз гарнизонында орналасқан Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскери бөліміне Абай және Шығыс Қазақстан облыстарынан келген 60 жас сарбаз арнайы дайындық жиынынан өтіп, салтанатты түрде әскери ант қабылдады, деп хабарлайды DKnews.kz.

Әрбір жас өреннің әскер қатарында борышын өтеуі – абыройлы іс. Қырағылық пен жауапкершілікті бойына қалыптастырып, қайсарлық пен өжеттілікті үйрететін әскери өмірді сезінген жас сарбаздардың Отанға адалдық туралы анты сенімді, әрі нық айтылды.

Шараға қатысқан әскери бөлім басшылығы, ҚР ҚК ардагерлері, ата-аналар жас сарбаздарды осындай айтулы күнмен құттықтап, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып қайтатындарына сенім білдірді.

- Әскери ант қабылдаған жас сарбаз өз мемлекетінің нағыз қорғаушысы болады. Осындай жауапты сәт – нағыз ер азаматқа лайықты қадамдардың бірі. Отан алдындағы борышын өтеуге келген жас сарбаздарды жарғымен белгіленген барлық міндеттерді тиісті түрде орындап, әскери қызметті үлгілі атқаруға шақырамын. Сондай-ақ, нағыз ер азаматтың қалыптасу жолындағы басты қадамымен құттықтаймын, - деді 97616 әскери бөлімінің командирі подполковник Елдос Жұмашев.

Сонымен қатар, салтанатты ант қабылдау рәсімінде жас сарбаздар құрамы атынан сөз алған жас сарбаз барлық қарулас достарын құттықтап, антқа адал, сертке берік болуға шақырды.

- Біз қабылдаған әскери антқа адал боламыз. Әскери қызметті абыроймен атқару үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Барлық қиын тапсырмаларға қарамастан, командирлер қойған міндеттерді орындап, еліміздің қауіпсіздігін сақтауда өз үлесімізді қосамыз деп үміттенеміз, - деді Өскемен қаласынан келген қатардағы жауынгер Темірлан Қуанғазы.

Айта кетейік, әскери өмірдің табалдырығын жаңа аттаған жас сарбаздар бір ай көлемінде арнайы әзірленген жоспар негізінде алғашқы әскери өмірге бейімделіп, саптық жүріс пен әскери іске машықтанды. Дайындық барысында жас сарбаздар алдағы бір жыл бойы өткеретін қызметінің ережелері мен міндеттерін, жалпы әскери жарғылардың өздеріне қатысты қағидалары жайлы тәлім алды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -