Төтенше жағдайлар министрлігі ел өңірлерін 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне белсенді дайындауды жалғастыруда, деп хабарлайды DKnews.kz.
Кешенді іс-шаралар шеңберінде халықты және инфрақұрылымды көктемгі өзендердің арнасынан асуына байланысты қауіптерден қорғауға бағытталған су тасқынына қарсы көптеген іс-шаралар жүзеге асырылуда.
Су тасқынының ықтимал салдарын болдырмау мақсатында жергілікті атқарушы органдар төтенше жағдайлар департаменттерімен бірлесіп қорғаныс бөгеттері мен біліктерін тұрғызу және нығайту, су бұру арналары мен арықтар қазу, сондай-ақ жаңа нөсер жүйелері мен су өткізу құрылыстарын салу жөніндегі жұмыстарды жүргізуде. Осы шаралардың барлығы су тасқынынан қорғау үшін сенімді инфрақұрылым құруға бағытталған.
Атырау облысы: су тасқыны қауіп-қатерлерін азайту шаралар кешені
Атырау облысында ТЖД жергілікті билікпен бірлесіп көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайтуға бағытталған іс-шаралар кешенін жүргізуде.
«Биылғы көктемгі су тасқынының тәжірибесін ескере отырып, біз су басуға бейім аудандарды анықтадық. Қорғаныс бөгеттері мен біліктерінің құрылысы, қорғаныс құрылыстарын жөндеу, сондай-ақ жағалауды нығайту және өзендерді тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Автожолдарда жаңа өткізу құбырларының құрылысы және автомобиль көпірін реконструкциялау жүргізілуде. Жергілікті жерлерде жанар-жағармай және инертті материалдардың, қапшықтардың қорлары дайындалды. Біз зардап шеккендер үшін уақытша орналастыру пункттерін де анықтадық», - деді Атырау облысы ТЖД бастығы Нұрлан Жаңабаев.
Қызылорда облысы: бөгеттерді нығайту және жағдайға мониторинг жүргізу
Қызылорда облысында Сырдария өзені арқылы тасқын суларды өткізу қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. Өңірде азаматтық қорғау қызметтері мен құралымдарының ықтимал төтенше жағдайларға дайындығы тексерілді. Өзендегі су деңгейіне мониторинг үнемі жүргізіліп тұрады. Қызылорда қаласында өзен жағасындағы бөгетті нығайту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта 1080 метр алаңда «Тәуелсіздік» даңғылы бойындағы бөгетті қайта жаңарту бойынша жұмыстар атқарылды. 388 габион торы орнатылды, жоба 2025 жылы аяқталады.
Түркістан облысы: су қоймалары мен қорғау құрылыстарын жақсарту
Түркістан облысында алдағы су тасқыны кезеңінде су басу қаупін азайту үшін инженерлік жұмыстар жоспарына сәйкес профилактикалық іс-шаралар кешені жүргізілуде. Бәйдібек ауданындағы «Қапшағай» және Ордабасы ауданындағы «Қараспан» су қоймаларына, сондай-ақ Сауран ауданындағы «Ырмақ-өзен» және «Майдантал» су қоймаларына күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұл объектілер жұмысының тұрақтылығы тасқын суларды қауіпсіз өткізуге ықпал етеді. Сонымен қатар Түлкібас, Төлеби, Сарыағаш, Сайрам, Келес және Ордабасы аудандарында су тасқынына қарсы жұмыстар сәтті орындалды.
Өңірлерді 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындау бойынша барлық жұмыстар ерекше бақылауда. Төтенше жағдайлар министрлігі басқа мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, су тасқыны қаупін азайтуға бағытталған алдын алу шараларын іске асыруды жалғастырады және барлық қызметтердің ықтимал төтенше жағдайларға дайындығын қамтамасыз етеді.