Ғылым туралы диалог: Астанадағы әлеуметтік бастамаларды талқылау

2442
Фотосурет: Gov

21 желтоқсан күні ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Астана қаласының тұрғындарымен кездесіп, ғылым мен жоғары білімнің дамуына бағытталған бастамаларды талқылады. Кездесу барысында «Келешек» бағдарламасының жүзеге асырылуы, шетелдік университеттердің филиалдарын ашу, ғалымдарды әлеуметтік қолдау және жатақхана мәселесі сияқты тақырыптар қозғалды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Министр өз сөзінде Қазақстандағы ғылым, жоғары білім және жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласындағы негізгі жетістіктер мен нәтижелерге шолу жасап, «Келешек» бірыңғай білім беру жинақтау жүйесін енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып, бұл жүйенің ел болашағы үшін маңыздылығын ерекше атап өтті.

«ҚР Парламенті Сенаты жақында «Келешек» жинақтау жүйесінің қызметін реттейтін түзетулерді мақұлдады. Жинақтау жүйесі Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында жүктелген міндеттерді іске асыру үшін әзірленген. Бұл жүйе ата-аналарға балаларының сапалы білім алуын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді. Мемлекет бастапқы білім беру капиталын және жыл сайынғы сыйақыны қамтамасыз етеді», - деді министр.

Сондай-ақ министр шетелдік университеттердің филиалдарын ашу және технологиялар трансферті үшін жағдай жасау арқылы Қазақстанды ірі академиялық орталыққа айналдыру жөніндегі министрліктің жоспарларын атап өтті. Саясат Нұрбек шетелдік университет филиалдарының ашылуы – трансұлттық білім беру саласындағы қарқынды дамып келе жатқан үрдіс екенін айтты. Сонымен қатар елордада іске қосылып жатқан беделді шетелдік университеттердің филиалдарына тоқталды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы және жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жұмыстары жүргізілуде. Биыл Астанада бірқатар маңызды оқиғалар орын алды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Астана халықаралық университеті базасында Бейжің Тіл және мәдениет университетінің филиалын ашты. Сонымен қатар инновациялық білім беру тәсілдерімен танымал британдық Coventry University-дің жаңа кампусы іске қосылды. ЕҰУ базасында «Лу Бань шеберханасының» Қазақстандағы екінші шеберханасын ашу жұмыстары жүріп жатыр», - деді ведомство басшысы.

Министр өз баяндамасында ғалымдарды әлеуметтік қолдау шараларының ел дамуы үшін маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, ғалымдардың әлеуметтік мәртебесін көтеру, ғылымға жас кадрларды тарту – министрліктің басты басымдықтарының бірі. Ғылыми зерттеулерді қолдауға бағытталған жоспарлар мен міндеттерге ерекше назар аударылды.

Кездесу барысында ведомство басшысы тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Тұрғындардың бірі жоғары оқу орындарына түлектердің қаржылық көмек көрсетуіне қатысты сұрақ қойды. Саясат Нұрбек бұл мәселе бойынша қазіргі таңда Министрлік арнайы «Эндаумент-қорлар туралы» Заң жобасы жасақталғанын, бұл құжатта эндаумент-қорлардың жұмысын реттеуге қатысты нормалармен қоса салықтық жеңілдіктер қарастырылғанын атап өтті. Шетелде эндаументтер бұрыннан бар. Осындай қорлардың арқасында көптеген ғылыми жаңалықтар ашылды. Қоғам мен бизнестің азаматтық белсенділігін қолдау мақсатында жаңа Заң ЖОО-ға меценаттардың, түлектердің, басқа да азаматтардың материалдық қолдау көрсетуін реттейді.

Министр кездесуге қатысушыларды тыңдап, маңызды мәселелерді белсенді талқылағаны үшін ризашылығын білдіріп, халықпен ашық диалогтың маңыздылығын атап өтті.

Кездесуден кейін министр тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, ғылым мен білімге қатысты сұрақтарға толық жауап берді. Барлық көтерілген мәселелер жеке бақылауға алынып, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берілді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -