Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Фотосурет: Akorda
Жиын барысында 271 азаматқа «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау туралы шешім қабылданды. Стипендия иегерлерінің 136-сы – магистратура, 8-і докторантурада оқиды. Сондай-ақ 127 азамат әлемнің ең үздік университеттері мен орталықтарында тағылымдамадан өтеді.
Комиссия мүшелері басымдық беріліп отырған мамандықтарға ерекше назар аударды. Яғни стипендия иегерлерінің 65 пайызы – жаратылыстану-техникалық, ал 35 пайызы әлеуметтік-гуманитарлық бағыттар бойынша білімін жетілдіреді.
Сонымен қатар 170 азамат шетелдің жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуге стипендия алды.
Ерлан Қарин биыл былтырға қарағанда тағылымдамадан өтуге екі есе, инженерлік-техникалық мамандықтар бағытына алты есе көп өтініш түскенін атап өтті. Бұл Мемлекет басшысының инженерлік-техникалық білім беруді дамытуға және қолдауға бағытталған бастамасының өзекті әрі заман талабына сай екенін көрсетеді.