Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде микроқаржыландыру және коллекторлық қызметтер нарықтарында өзін-өзі реттеу мәселелерін талқылау бойынша кездесу өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Кездесуге Агенттіктің банктік емес ұйымдарды реттеу департаментінің басшылығы, микроқаржы нарығы субъектілері мен коллекторлық агенттіктердің мүдделерін білдіретін қауымдастықтардың басшылары, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өзін-өзі реттеуді дамыту мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы А. Жақыпов қатысты.
Тараптар өзін-өзі реттейтін ұйымдарды (ӨРҰ) құру және олардың жұмыс істеуі мәселелерін талқылады.
Қазіргі уақытта Агенттік микроқаржыландыру және коллекторлық қызметтер секторларына міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеуді енгізу бөлігінде реттеушілік әсерге талдау жүргізіп жатқанын атап өтеміз.
Бұл бастама нарық субъектілерінің өзін-өзі реттеуін, сыртқы және ішкі факторларға икемділігі мен бейімделуін арттыру арқылы олардың бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыруға бағытталған.
Кездесу барысында мемлекеттік органдардың жекелеген функцияларын ӨРҰ-ға берудің негізгі аспектілері, сондай-ақ олардың қаржы реттеушісімен, нарыққа қатысушылармен және қаржылық қызметтерді тұтынушылармен өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.