Әлеуметтік желіде майор Нұрсұлтан Рахымбайдың сарбаздарды үйлеріне шығарып салып жатқан видеосы тарады. Бейнежазбада командирдің жауынгерлерге қарата айтқан сөзі желі қолданушыларының қолдауына ие болды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Видеода 5513 әскери бөлімінің атқыштар батальоны командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары майор Нұрсұлтан Рахымбай Отан алдындағы міндетін абыроймен атқарған сарбаздарға сәттілік тілеген.
- Командир ретінде менің ең басты міндетім – cендерді үйлеріңе аман-есен қайтару. Бүгін кезекті рет сол міндетімді орындадым. Сендер істеген істі екінің бірі істей алмайды. Сондықтан өз-өздеріңді мақтан етіңдер. Ауызбіршілікте болыңдар! Бір-бірлеріңді ұмытпаңдар! Біріңді-бірің іздеп тұрыңдар. Кімде қиындық болса, бәрің жұмылып соған көмек қолын созыңдар. Әскердегі бір досың – сыртта жүрген жүз досыңнан артық деген сөз бар. Не істесеңдер де ар-намыспен істеңдер. Қиянаттан аулақ болып, адал еңбек етіңдер. Сонда өмірден өз бағаларыңды аласыңдар, – деді Нұрсұлтан Қайратұлы сарбаздарға.
Осыдан кейін жеке құрам сарбаздары командирлерінің қолын алып, қимастықпен қоштасқан. Желіде осы бір сәт қызу талқыға түсіп, жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленді.
Нұрсұлтан Рахымбай қазіргі лауазымда 2022 жылдың желтоқсан айынан бері қызмет етіп келеді. 2012 жылы қазіргі Ұлттық ұлан академиясына оқуға қабылданып, 2016 жылы командалық тактикалық басшылық мамандығын игеріп шыққан. Сол жылы Қаракемер кентінде орналасқан 6654 әскери бөлімінде взвод командирі, рота командирінің ТжӘҚЖ жөніндегі орынбасары, рота командирі секілді лауазымдарда қызмет атқарған. Кейін Тараз қаласындағы жедел мақсаттағы батальон командирінің ТжӘҚЖ жөніндегі орынбасары лауазымына ауыстырылған. Бүгінде атқыштар батальоны командирінің ТжӘҚЖ жөніндегі орынбасары қызметін атқарып жүр.
Айта кетейік, ол қызмет ететін батальон түзеу мекемелерін қарауылдау, қадағалау және сотталған азаматтарды тасымалдау бойынша жауынгерлік қызмет атқарады.