2024 жылғы 26 - 31 желтоқсан аралығында Нью-Йоркте (АҚШ) Қазақстан шахматшыларының қатысуымен рапид пен блиц бойынша 2024 жылғы әлем чемпионаты өтеді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Әлемнің үздік шахматшыларының рапид және блиц бойынша ерлер арасындағы және әйелдер арасындағы (әлем чемпиондарын анықтау үшін Нью-Йорк қаласында (2024 FIDE World Rapid & Blitz Championships) тағы да бас қосуы да сондықтан.
Қатысушылардың старт тізімдерінің басында рапидтен 5 дүркін әлем чемпионы және блицтен 7 дүркін әлем чемпионы, уақыт бақылаудың барлық нұсқасындағы ерлер рейтингіндегі нөмірі бірінші шахматшы, Норвегия ойыншысы Магнус Карлсен (рапидтегі рейтингі – 2838/ блицтегі рейтингі – 2890), классикадағы қазіргі әлем чемпионы қытайлық Цзюй Вэньцзюнь (2536/2480) және Лэй Тинцзе (2518/2491) тұр.
Жалпы, қатысушылардың арасында әр жылдарда рапид пен блицтен әлем чемпионы атанған шоқтығы биік шахмат жұлдыздары көп!
Нью-Йоркке қазақстандық қатысушылардың өкілді делегациясы аттанды. Оның әйелдер жағын блиц бойынша екі дүркін әлем чемпионы (2021, 2022) және рапидтен әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2021), халықаралық шебер (IM) Бибісара Асаубаева (2444/2443) бастап барады.
Оның құрамында Будапешттегі 2024 жылғы Шахмат олимпиадасында тамаша ойын көрсетіп жеңіске жеткен ұлттық құрамадағы оның құрбылары – IM Меруерт Камалиденова (2368/2334), әйелдер арасындағы гроссмейстер (WGM) Алуа Нұрман (2260/2318), әйелдер арасындағы халықаралық шебер (WIM) Әмина Қайырбекова (2256/2144) және WGM Ксения Балабаева (2247/2281) да бар.
Әйелдер арасындағы ФИДЕ шебері (WFM) Зарина Нұрғалиева (2175/2014), WFM Елназ Қалиахмет (2162/2077), WGM Лия Құрманғалиева (2128/2081), WIM Әсел Серікбай (2121/2003), WFM Аяулым Қалдарова (2011/2013) және WIM Зейнеп Сұлтанбек (2001/2123) шахмат сүйер қауымды таңғалдырарлық тамаша ойын көрсететіні анық. Ал Қазақстанның 7 дүркін чемпионы IM Гүлісхан Нақбаева (рапидте ойнамайды/2179) Үлкен шахматқа кезекті рет оралуын блицтен бастауды ұйғарды.
Ерлер арасында GM Қазыбек Нөгербек (2526/2511), GM Ринат Жұмабаев (2503/2507), IM Арыстан Исанжолов (2427/2538), GM Рамазан Жалмаханов (2423/2479), IM Арыстанбек Оразаев (2423/2447), GM Әлішер Сүлейменов (2413/2375), IM Эдгар Мамедов (2356/2411) және IM Алдияр Аңсат (2338/2392) ойнайды.
Өте жас әлем чемпиондары – 12 жасар ФИДЕ шебері (FM) Марк Смирнов (2045/2212) және жақында Қазақстан чемпионатының финалында дебютке шығып тамаша нәтижеге жеткен 10 жасар ФИДЕ шеберлігіне кандидат (WCM) Аланна Берікқызы (1724/1889) KazChess/ҚШФ президенті Тимур Турловтың жеке шақыруын алды.
Қорытынды кесте:
- 26–28 желтоқсан, 15+10 рапид (партияға 15 минут беріледі және әр жасалған жүріске біріншісінен бастап 10 секунд қосылады), швейцариялық жүйе бойынша 13 тур – ашық турнир (ерлер), 11 тур – әйелдер;
- 29 желтоқсан – демалыс күні;
- 30 желтоқсан, 3+2 блиц, 1-ші кезең: швейцариялық жүйе бойынша 13 тур – ашық турнир (ерлер), 11 тур – әйелдер;
- 31 желтоқсан, 3+2 блиц, 2-ші кезең: нокаут жүйесі – ашық турнирдегі (ерлер) мен әйелдер арасындағы ширек финал, жартылай финал және финал.