24 желтоқсанда талантты әскери қолбасшы, көрнекті жазушы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 114 жыл толды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Осыған орай Астананың әскери-тарихи мұражайында 44813 әскери бөлімінің әскери қызметшілеріне Бауыржан Момышұлының «Мәскеу үшін шайқас» – «За нами Москва» кітаптарын табыстауға арналған салтанатты рәсім өтті.
Жиында сөз алған «Қарулы күштердің ардагерлері» РҚБ төрағасының орынбасары отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов Б. Момышұлының өмірінде өскелең ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиелеу маңызды орын алғанына тоқталды.
Даңқты қолбасшы, көрнекті ғалым, талантты жазушы, танымал педагог Б. Момышұлының қалдырған мұрасына баға жетпейді. Ол көзі тірісінде аңызға айналған адам. Батырдың есімі еліміздің тарихына алтын әріптермен жазылған Марат Нағұманов
Астана қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілі запастағы полковник Ғани Артықов Бауыржан Момышұлының кітаптары бірнеше ұрпақты тәрбиелегенін атап өтті.
Қазіргі жастарға да бұл кітапты оқуға керемет мүмкіндік туып отыр. Ережелердің жарғыда жазылуы бір басқа. Соғыстың сынағынан өткен адам ол туралы өз шығармасында жазғанда мүлдем басқаша болады екен. Бұл кітап сіздердің жүректеріңізде туған жерге деген сүйіспеншілік отын жақсын. Бейбіт өміріміз үшін бастарын өлімге тіккен ата-бабалар туралы естелік мәңгілік болғай Ғани Артықов
Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Талғат Сыздықов Қарулы күштер ардагерлеріне көрсеткен бастамасы үшін алғысын білдірді. Осының арқасында әскери қызметшілер Мәскеу маңындағы шайқастарға қатысушының баға жетпес естелігін тағы бір қайталап оқуға мүмкіндік алып отыр.
Б. Момышұлы атындағы Алматы республикалық «Жас ұлан» мектебінде атақты қолбасшыны еске алуға арналған апталық өтті.
Әскери-патриоттық іс-шараларға Қарулы күштер мен Ауған соғысы ардагерлерінің қатысуымен өткен «Ерлік сабақтары», Б. Момышұлының «Соғыс психологиясы» кітабын талқылау, «Бауыржан Момышұлы» және «Артымызда Москва» фильмдерін көруге арналған тәрбие сағаттары кірді.
Дөңгелек үстел барысында мектеп тәрбиеленушілері аты аңызға айналған қолбасшының ерлік жолы туралы көптеген жаңа әрі танымдық мәліметтермен таныса алды. Мәскеу үшін болған шайқастағы Бауыржан Момышұлының стратегиясы, Александр Бектің «Волоколамское тас жолы» кітабындағы «Момышұлы спиралы» тактикалық операциясының құпиялары қай кезеңде де маңызыын жоймақ емес.