Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5513 әскери бөлімі мен Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Байзақ ауданының білім бөлімінің №6 орта мектебі бірлесуімен «Патриот болу – Тәуелсіз ел ұрпағының парызы» атты іс-шара өтті. Шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, ел қорғау жолындағы жауапкершілік пен адалдықты насихаттау, деп хабарлайды DKnews.kz.
Салтанатты іс-шара Қазақстан Республикасының Әнұранымен ашылып, қатысушылар Отанға деген сүйіспеншілік рухында бір сәтке үнсіздікпен тағзым етті.
Іс-шараның ең маңызды бөлігі – Ұлттық ұланның «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысы мүшелерінің ант қабылдау рәсімі болды. Салтанатты түрде сап түзеген оқушылар қолдарын жүрек тұсына қойып, Отанға адал қызмет етуге, еліміздің тәуелсіздігін қорғауға және ел болашағы үшін жан аямай еңбек етуге ант берді. Бұл рәсім олардың жүрегінде патриоттық рухты күшейтіп, ел алдындағы жауапкершілікті терең түсінуге себеп болды.
Шара барысында №6 орта мектебінің директоры Құралай Үкібаева жастарды ел қорғау мен мемлекет мүддесін сақтау жолында белсенді болуға шақырды.
- Патриоттық сезім – Тәуелсіздіктің тірегі. Біз, егемен еліміздің ұрпақтары, әрқашан ел бірлігін сақтап, оны нығайтуға тырысуымыз керек, – деді Құралай Сқаққызы.
5513 әскери бөлімінің атқыштар батальоны командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары майор Нұрсұлтан Рахымбай «Бүркіт» арнайы жасағының офицерлерімен бірге «Жас бүркіт» Ұлттық ұлан әскери-патриоттық қозғалысы мүшелерінің ант қабылдау рәсіміне қатысып, жас ұрпаққа тағылымды сөздерін арнады.
- Ел қорғау – тек батылдықтың ғана емес, сондай-ақ адалдық пен білімнің, тәртіп пен төзімділіктің ісі. Біз, әскери адамдар, еліміздің тәуелсіздігі мен бейбіт өмірінің қорғанымыз. Бірақ бұл тек біздің ғана міндетіміз емес. Әр азамат елінің болашағы үшін жауапты. Бүгін ант қабылдаған жастарымыз сол жауапкершілікті сезініп, нағыз патриот болуға қадам басуда, – деп атап өтті майор Нұрсұлтан Рахымбай.
Одан бөлек Ұлттық ұлан офицерлері оқушыларға ерлік пен адалдықтың маңыздылығын айта отырып, әскери өмірдің қатаң тәртібі мен жауапкершілікке толы екенін түсіндірді. Олар «Бүркіт» арнайы жасағының тәжірибесін мысалға келтіріп, сарбаздардың күнделікті қызметінің тек физикалық дайындық қана емес, рухани тұрақтылықты да талап ететінін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, іс-шара аясында қояқ қолтық күресінің техникалары көрсетіліп, көрермендерге әскери өмірдің қызықты әрі жауапты тұстары таныстырылды. Оқушылар әскери бөлім сарбаздарымен пікір алмасып, олардың күнделікті қызметі жайлы көп мәлімет алды.