Аягөз гарнизонының бастығы подполковник Дастан Мұхаметжановтың бастамасымен қаладағы мәдениет үйінің төрінде әскери қызметшілердің балаларына арналған мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Балалардың шат күлкісіне толған бұл шарада ертегі әлемінің кейіпкерлері сахналық қойылым көрсетіп, жас көрермендердің қошеметіне бөленді. Содан кейін бүлдіршіндер мерекенің басты символы жаңа жылдық шыршаны айнала ән салып, Аяз ата мен Ақшақарды қарсы алды. Және өздерінің әзірлеген тақпақтарын айтып, асыға күткен сыйлықтарын алды.
Иә, Жаңа жыл - жақсылық пен жаңалықтың жаршысы, әрі ең қызықты мереке. Бұл ересектердің де, балалардың да асыға күтетін күндерінің бірі екені сөзсіз. Өйткені бұл мереке әр балаға ерекше көңіл-күй сыйлап, бақытқа жетелейді.
- Бүгін жаңа жыл мерекесі қарсаңында Аягөз гарнизонының әскери қызметшілерінің балаларына мерекелік іс-шара ұйымдастырып жатырмыз. Біздің мақсатымыз балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлау болып табылады, - деді 10810 әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Бақыт Қашқынбаев.