Аягөз гарнизоны әскери полиция бөлімінің жеке құрамы Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Аягөз ауданы әкімдігінің аумақтық әлеуметтік көмек көрсету орталығында ерекше күтімді қажет ететін жандарға қайырымдылық шарасын өткізді. Игі іс аясында әскери полиция жеке құрамы мекемедегі барлық жандарға арнайы әзірлеген сыйлықтарын тарту етті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Балалардың шат күлкісіне толған бұл шарада балалар мерекенің басты символы Аяз ата мен Ақшақарды қарсы алды және өздерінің әзірлеген тақпақтарын айтып, асыға күткен сыйлықтарын да алды.
- Мұндай қайырымдылық шарамыздың басты мақсаты - мерекеде балапандарымызға кішкентайда болсын көңіл-күй сыйлап, сауығып кетулеріне септігімізді тигізсек деген ниетте жасаудамыз. Осындай ізгі істерміз алдағы уақытта әлі жалғасын табатын болады, - деді Аягөз гарнизоны Әскери полиция бөлімінің офицері аға лейтенант Әбдікәрім Дауренов.
Аталмыш шара соңында әлеуметтік көмек көрсету орталығы комуналдық мемлекеттік мекемесі басшылығы көмек қолын созған әскери полиция бөліміне алғыстарын білдіріп, рахметін айтты.
- «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, әрқашанда осы біздің орталыққа көмек қолын созуға әзір подполковник Алимжан Еримбетов бастаған Аягөз гарнизоны әскери полиция бөлімінің ұжымына алғысымыз шексіз, - деді мекеме директорының міндетін уақытша атқарушы А.Елеусизова.