2024 жылдың басынан бастап Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Республикалық жедел-құтқару жасағы 479 жедел шығу жасады, нәтижесінде 497 адам, оның ішінде 124 бала құтқарылды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жасақтың негізгі міндеті жетуі қиын аудандарда және күрделілігі жоғары объектілерде құтқару, іздестіру-құтқару және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу, дүлей зілзалалар, авариялар мен апаттар салдарынан зардап шеккендерге шұғыл көмек көрсету, сондай-ақ жасақ бөлімшелерінің республика аумағында ғана емес, одан тыс аумақта да құтқару жұмыстарын шұғыл жүргізуге тұрақты дайындығын қамтамасыз ету болып табылады.
Бүгінгі таңда жасақта 105 адам қызмет атқарады, олардың көпшілігі – разрядтағы спортшылар, альпинизм, тау туризмі сияқты қолданбалы спорт түрлері бойынша нұсқаушылар, нұсқаушы-сүңгуірлер, Қазақстан Республикасы кинологтар одағының нұсқаушылары.
Жасақта сүңгуірлік, кинологиялық, медициналық-психологиялық, кезекші-диспетчерлік бөлімшелер, радиациялық-химиялық және биологиялық қорғау бөлімшелері бар. Жасақтың құтқарушылары газ-электрмен дәнекерлеушілер, матаушылар, механиктер, краншылар, барлық санаттағы автомобиль көлігі мен шағын көлемді кемелердің жүргізушілері сияқты қосымша мамандықтарға ие. Бұл олардың әртүрлі сипаттағы төтенше жағдайларды жоюда өз білімдері мен дағдыларын барынша тиімді қолдануға мүмкіндік береді.
Биылғы жылы жасақтың құтқарушылары Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарындағы су тасқыны салдарын жоюға қатыса отырып, төтенше жағдай аймағынан 272 адамды, оның ішінде 39 баланы құтқарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтарын эвакуациялау үшін Қырғыз Республикасының Ош қаласына шығуды жүзеге асырылды.
Биыл жасақ күшімен таулар мен жетуі қиын аудандарда іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде 7 шетелдік азамат, оның ішінде Ресей Федерациясы мен Ұлыбритания азаматтары құтқарылды.
Бүгінгі таңда республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары-еліміздің және әлемнің кез келген жерінде ең күрделі авариялық және іздестіру-құтқару жұмыстарын орындауға қабілетті күштер тобы.
«Біздің қызметіміз тек жұмыс қана емес. Бұл қауіп-қатер мен қиындықтарға қарамастан кез келген уақытта көмекке келуге шақыру және дайын болу. Біз адамдарды төтенше жағдайларға дайын болуға үйрету және көмектесу арқылы құтқарып қана қоймай, қиындықтың алдын аламыз» Республикалық жедел-құтқару жасағының басшысы Владимир Цой