Республика көлемінде өткен «Үздік әдіскер - батальон командирі», «Үздік әдіскер - штаб бастығы», «Үздік әдіскер - батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары» байқауында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылықтан қатысқан үміткерлер жүлдемен оралды. Үш номинация бойынша өткен сайыстың үшеуінен де оңтүстік ұландары жеңімпаз болып келді. «Үздік әдіскер - батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары» номинациясы бойынша 5547 әскери бөлімінің 2 жедел мақсаттағы батальон командирінің орынбасары қызылордалық капитан Жүрсін Қабдешұлы 1- орынды жеңіп алса, оның жерлесі «Үздік әдіскер - батальон командирі» номинациясы бойынша 5547 әскери бөлімінің 1 жедел мақсаттағы батальон командирі подполковник Жомарт Жұмаділдаев және «Үздік әдіскер - штаб бастығы» номинациясы бойынша 5514 әскери бөлімінің 2 жедел мақсаттағы батальон командирінің орынбасары-штаб бастығы талдықорғандық капитан Әлішер Есмағзамов – екеуі де жүлделі 2-орындарды иеленіп келді. Осындай байқаудың әскери қызметшілерге беретін мүмкіндіктері зор. Үздіктер алдағы қызметінде жоғары лауазымдарға тағайындалуға бірінші кезектегі үміткерлер қатарына кіреді.
Бүгін әскер бойынша батальон буынындағы үздік тәрбиеші атанған 5547 әскери бөлімінің офицері капитан Жүрсін Қабдешұлы туралы айтпақпыз. Ол 1992 жылы Алматы облысының Ескелді ауданы Жалғызағаш ауылында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында жүргенде спорттың бірнеше түрімен айналысып көрген, соның ішінде күрестің түрлерімен кәсіби түрде айналысып, уақыт өте келе жақсы жетістіктерге қол жеткізген. Атап айтсақ, Жүрсіннің дзюдо, самбо және қазақша күрестен спорт шебері атақтары бар.
Жүрсін Қабдешұлы Ұлттық ұланға алдымен мерзімдік қызметтің сарбазы болып келіп, Ақтөбе қаласындағы 6655 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтейді. Әрі қарай әскерде келісімшартпен қалып, бала арманына қол жеткізу үшін 2014 жылы Петропавл қаласындағы әскери оқу орны, қазіргі атауымен айтсақ, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Академиясына оқуға түседі. Жүрсін өзінің кемелденіп, өмірге көзқарасының өзгеруінің, жауапкершілікті сезініп, жан-жақты өсіп-толуының осы академия қабырғасында бастау алғандығын айтады. Ол академияны аяқтап, Ұлттық ұлан офицері болып шыққан соң, қызмет жолын Семейдегі 5511 әскери бөлімінде взвод командирі болып бастап, әрі қарай Өскемендегі 5518 әскери бөлімінде, өзі оқыған академияда, Талдықорғандағы 5514 әскери бөлімінде лауазымдық сатылардан өткен. Қазіргі таңда ол Қызылордадағы 5547 әскери бөлімінде 2 жедел мақсаттағы батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары лауазымында қызмет атқарып отыр.
– Қазіргі қызметімдегі міндетім – қарамағымдағы жеке құрамның моральдық-психологиялық, тұрмыстық-әлеуметтік жағдайларын қадағалап, әрбірінің ішкі дүниесіне үңіліп, зерделеуге тырысамын. Жауынгерлердің ішкі жай-күйі, тәрбиесі мен тәртібі – олардың алдында тұрған міндеттерін қырағы атқаруларына, қойылған тапсырмаларды уақытында орындауына, жалпы қызмет бойынша көздеген мақсатқа жетуге бірден-бір әсер ететін фактор.
Мен биыл әскер бойынша өткен үздіктер байқауының жүлдегерлері қатарында болғаныма өте қуаныштымын. Мен үшін бұл байқауға қатысу – нағыз сынақ және кәсіби тұрғыда өсу болды. Алған білім мен тәжірибеміз алдағы қызметімізде іске асатынына сенімдімін, – дейді кейіпкеріміз.
Капитан Жүрсін Қабдешұлы сынды офицерлер – батальон және рота буынындағы офицерлерге ғана емес, жалпы жеке құрамға үлгі болар тұлғалар. Солай бола тұра, үздік тәрбиеші сонау сарбаз кезінде өзіне жақсы білім мен тәрбие берген подполковник Бекзат Жандарбеков, подполковник Әлімжан Тасмағамбетов, полковник Жорабай Сүлеймановтарға зор алғысын жеткізді. Сарбаз кезінде мықты мектептен өтіп, әскери жолды таңдауына бағыт берген тәлімгерлерін әрқашан құрмет тұтатынын атап өтті.
Әскерді нық ұстап тұрған мықты діңгектің бірі де – осы ұрпақтар сабақтастығы болар. Тамырымыздан ажырамай, үлкендердің жолын үлгі тұтып, кейінгілерге жеткізе білейік!
Подполковник Бақыт Әліпбаев, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы