Туризм және спорт министрінің орынбасары Мирас Төлебаев Рудный қаласында Қостанай облысы тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізді. Жиында заңсыз ойын бизнесімен күрес, лудоманияның алдын алу, сондай-ақ өңірдегі спорт пен туризмді дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Мирас Төлебаев кездесуде лудомания жүйелі көзқарас пен шараларды талап ететін күрделі әлеуметтік проблема екенін атап өтті. 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында мемлекет заңсыз құмар ойындарға қарсы күресті күшейтіп, жарнаманы шектеу, операторларды бақылауды қатаңдату және азаматтардың белгілі бір санаттары үшін ойындарға қатысуға тыйым салу шараларын енгізуде.
«Жыл басынан бері eGov қосымшасы арқылы 170 мыңнан астам адам өзін құмар ойындардан шектеді. Бұл шаралар тәуелділікті азайтуға және ең осал топтарды қорғауға көмектеседі» Мирас Төлебаев
Сондай-ақ ол өңір халқына жуырда ойын бизнесін реттеуді күшейтетін заңға қол қойылғанын жеткізді. Атап айтқанда, заңға мемлекеттік және әскери қызметкерлердің, борышкерлер тізіліміне енгізілген тұлғалардың құмар ойындарға қатысуына тыйым салынып, интернет-казино ұйымдастырғаны үшін жауапкершілік енгізілді. Мемлекет халықты лудоманияның қауіптері туралы ақпараттандыруды жақсарту бойынша жұмыстарды жалғастыруда және ойын тәуелділігімен бетпе-бет келгендер үшін білім беру бағдарламалары мен қолдау жүйелерін енгізуде.
Кездесу барысында министрдің орынбасары туризм саласындағы жетістіктерге де тоқталды. Оның айтуынша, өңірде туристік инфрақұрылымды жақсарту, инвесторларды тарту және ішкі туризмді дамыту бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Биыл облысқа келген ішкі туристер саны 25%-ға өскен.
«Біз заманауи туристік нысандарды салып, көлік инфрақұрылымын жақсарта отырып, Қазақстан бойынша саяхатты жайлы әрі қолжетімді етуге тырысамыз» Мирас Төлебаев
Өңір халқымен кездесуде спорт саласы туралы да сөз қозғалды. Бүгінде Қостанай облысында 32 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Онда 18 мыңнан астам бала жаттығады. Биыл өңірде екі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталса, 2025 жылы Рудныйда мамандандырылған спорт мектебін ашу жоспарланған. Бұл бастамалар жастарды спортқа баулуға және жоғары деңгейдегі спортшыларды даярлауға бағытталған.
Кездесу соңында облыс тұрғындары министрдің орынбасарына өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-тілектерін жеткізді. Іс-шара соңында Мирас Төлебаев жиынға белсенді қатысқаны үшін өңір тұрғындарына алғысын білдірді.
«Бірлескен күш-жігермен ғана біз күрделі әлеуметтік мәселелерді шешіп, өңірдің туризм мен спорт саласындағы орнын нығайта аламыз» Мирас Төлебаев