Капиталдық буферлер: 2025 жылы Қазақстан банктері үшін не өзгереді?

7491
Фотосурет: kursiv.media

Ұлттық Банк Төрағасы Тимур Сүлейменовтің басшылығымен Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңесінің (Кеңес) кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Кеңес жұмысына Президент Әкімшілігінің, Қазақстан Ұлттық Банкінің (ҚҰБ), Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Қаржы министрлігінің және Ұлттық экономика министрлігінің басшылық құрамы қатысты.

Кеңес отырысында стандартты контрциклдік капитал буферін (ККБ) енгізуге негіз болатын көрсеткіштерге жүргізілген мониторингтің нәтижесі қаралып, бөлшек кредиттеу саласына секторлық контрциклдік капитал буферін енгізуге қатысты ұсыныстар талқыланды.

2024 жылдың III тоқсанында ҚҰБ жүргізген мониторинг нәтижесінде стандартты контрциклдік капитал буферін енгізу қажет екенін білдіретін белгілер анықталған жоқ. Дегенмен, қазіргі реттеу шараларын ескере отырып, Кеңес секторлық ККБ мәселесін 2025 жылдың бірінші тоқсанында қайта қарауды ұйғарды.

Сонымен қатар, Кеңес мүшелері қаржы ұйымдарын жүйелік маңызы бар қаржы ұйымдарға жатқызудың қосымша критерийлерін енгізудің орындылығына қатысты ұсыныстарды қарастырды. Халықаралық тәжірибені талдау нәтижелері бойынша, қазір жүйелік маңызы бар қаржы ұйымдарын анықтаудың қолданыстағы әдістемесін өзгерту қажеттілігі анықталған жоқ.

Кеңес қаржылық тұрақтылыққа жағдай жасауға жәрдемдесу үшін қаржы секторының өзекті мәселелерін талқылауды жалғастыратын болады. 

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -