Баку-Грозный рейсінің апатқа ұшырауы баршамызға ауыр тиді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Әуе апаты 38 адамның өмірін қиды. 29 жолаушы аман қалды. Құтқарушылар мен дәрігерлер жолаушыларды апатқа ұшыраған ұшақтан шығуға көмектесті.
Ұшақ апатының орнына алғашқы болып ҚР Әскери-әуе күштері авиациялық базасының әскери қызметшісі кіші сержант Нұрлан Ботағарин келді.
Бұл күні ол техникаға қызмет көрсетумен айналысты. Ұшақтар олардың бөліміне үнемі жақын ұшатын. Бірақ бұл жолы Нұрлан Ботағарин әдеттегіден бөлек жағдайды байқады. Ақтауға ұшып бара жатқан ұшақ ұшу-қону жолағына жетпей ілмек тәрізді шеңберлер жасап, теңіз жағасына құлап, отқа оранды.
Оқиға туралы кезекшіге хабарлаған Нұрлан Ботағарин дереу автокөлікпен ұшақ апатқа ұшыраған жерге аттанды.
Басында жолаушылар жарақат алуы мүмкін деген ой келді. Мен бірінші болып ұшақтың артынан шыға алған он жас шамасындағы ақ күртеше киген қызды көрдім. Бізге басқа машиналар келе жатқанын байқап, мен оны солай қарай бағыттадым Жоғарыға көтеріліп, ұшақтың ішіне кіріп, зардап шеккендерге көмектесе бастадым Нұрлан Ботағарин
40 секундтан кейін Маңғыстау электр желілік компаниясының өкілдері адамдарды құтқаруға қосылды. Нұрлан Ботағарин оларға жараланған онға жуық жолаушыны пайда болған саңылау арқылы шығарып бере алды.
Әскери қызметші түсіндіргендей, жағдай өте қорқынышты болды. Психикалық күйзеліске қарамастан, адамдарға көмектесуге тырысты. Ол адамдарға бірінші болып көмекке келгені туралы ешкімге айтқан жоқ. Апат орнында ТЖ қызметтері мен дәрігерлер жұмыс істеп тұрғанына көз жеткізіп, ол бөлімге кете барды. Әскери қызметшінің ержүрек әрекеті туралы бүгін кейбір БАҚ-тан белгілі болды. Оларға батырды Сайын Шапағатов кентінің тұрғындары фотосурет арқылы табуға көмектесті.
Кіші сержант Нұрлан Ботағарин 2017 жылдан бастап Қарулы күштерде қызмет етеді. Ол Бейнеу ауданы Боранқұл ауылының тумасы, 29 жаста. Жұбайы Гүлімханмен бірге Ақжайна мен Ясина атты екі қыз тәрбиелеп отыр.