Елордада орналасқан Әл-Фараби атындағы оқушылар сарайында Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің балаларына арналған Ішкі істер министрінің Жаңа жылдық шарасы өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жүздері бал-бұл жанған балдырғандарға Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденовтың атынан құттықтау хат пен тәтті сыйлықтар табысталды.
Балалар әсем безендірілген шыршаға жеткенше дәліздегі полицияның шағын қызметтік көлігімен, итін жетектеген кинологпен және арнайы жасақ жауынгерлерімен естелік суретке түсті.
Іс-шараға Ішкі істер министрінің орынбасары полиция генерал-майоры Айдар Сайтбеков пен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов арнайы қатысты. Ал Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан Ардагерлер кеңесінің төрағасы милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков балаларға ақжарма тілегін арнады.
Биік шыршаның жанында жан-жануар кейпінде жүрген әртістер бүлдіршіндерді түрлі ойындармен қызықтырды. Балалар олармен бірге би билеп, ән салды. Жаңа жылдың символына айналған Аяз ата мен Ақшақар мерекелік көңіл күйді көтеріп, кішкентай балақайларға қуаныш сыйлады.
- Балаларымызға көңіл бөліп, сый-құрмет көрсеткені үшін Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығына алғысым шексіз. Жаңа жылдық мерекені сезініп, балалармен бірге өзіміз де қуанып қалдық. Бүлдіршіндерге, әсіресе, қазақ ертегісінің кейіпкерлері ерекше ұнады, – деді төрт баласын ертіп келген Ұлттық ұланның әскери қызметшісі Мақсат Насыров.
Осылайша, бір сағатқа созылған мерекелік шара көптің көңілінен шықты.