Апатты ауылдық мектеп 2,6 млрд теңгеге жаңасымен ауыстырылады

5214
Фотосурет: UKIMET

Жетісу облысы Рудничный ауылындағы апатты жағдайда тұрған мектептің орнына жаңа ғимарат салуға 2,6 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң шеңберінде Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен Жетісу облысы Рудничный ауылында апатты жағдайдағы мектептің орнына жаңа ғимарат салынады. Үкімет бұл жобаны жүзеге асыруға 2,6 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдады.

1969 жылы салынған орта мектептің ескі ғимаратында 140-тан астам бала білім алуда. 55 жылдан бері білім ошағы ешқандай күрделі жөндеу көрмеген. Қазіргі уақытта мектеп апатты жағдайда: су және кәріз құбырлары тозған, жылу жүйесі зақымданған. Жалпы, ғимараттың физикалық тозу деңгейі 40%-ды құрайды.

Жаңа мектеп 200 орынға есептелген, 30 орындық шағын дайындық орталығы болады. Рудничный ауылында барлығы 1 мыңнан аса адам тұрады, оның 241-і мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар.  

Білім беру нысанының құрылысы орын тапшылығы мәселесін шешуге септігін тигізіп, балалардың заманауи талаптарға сай білім алуына қажетті қолайлы жағдай жасайды.

Бұған дейін Үкімет Петропавлда балабақша, Атырау облысындағы Жамансор ауылында және Ұлытау облысының Мыңадыр стансасында мектеп, Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығы, Ақтөбе қаласында ерекше балаларға арналған арнайы балабақша, Ақмола облысының Зеренді ауылында спорт кешенін салуға, Риддер қаласында көпсалалы аурухана кешенінің құрылысын аяқтауға және басқа да жобаларды жүзеге асыруға қаржы бөлген болатын.

Жұмыс жалғасуда.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -