Қазақстан Ұлттық Банкі бірнеше жыл бойы барлық банкнота қатарының жаңа дизайны Тұжырымдамасын әзірлеу және «Сақ стилі» жаңа сериясының банкноталарын айналымға кезең-кезеңімен енгізу бойынша жоспарлы жұмыс жүргізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
«Сақ стилі» жаңа сериясының банкноталары әлемде бұрын-соңды қолданылмаған қорғаныс элементтерімен қорғалған. Соның ішінде, ең ерекше жаңалық – екі түсті микрооптикалық қорғаныс жібі. Банкнотаны бұрсаңыз, жіпте бейнеленген ұлттық ою-өрнекке «жан бітіп», лүпілдеп түрғандай әсер береді. Сондай-ақ, банкнотадағы қорғаныс патчында сақ қорғандарынан табылған артефактілердің көлемді суреттері бейнеленген. Осы арқылы жаңа банкноталарда Қазақстанның тарихы, бай мәдени мұрасы мен табиғаты үйлесім тапқан.
Нәтижесінде жаңартылған теңге банкноталары мен монеталары әлемдік аренада танылды.
Осылайша, «Сақ стилі» жаңа сериясының 10 000 теңге номиналындағы банкнотасы High Security Printing халықаралық байқауында «2024 жылдың үздік жаңа банкнотасы» марапатын иеленді. Бұл марапат банкноталарды қорғауда жоғары технологияларды жобалау және пайдалану саласындағы жетістіктері үшін беріледі. Банкноталардың дизайнында елдің ұлттық ерекшелігін, мәдени мұрасы мен рәміздерін, сондай-ақ қорғаныс элементтерінің функционалдығын көрсетуге ерекше назар аударылады.
High Security Printing — банкноталар саласындағы үздік инновациялар үшін халықаралық конференцияларда жыл сайын берілетін жетекші марапаттардың бірі. Байқау көркемдік дизайн, технологиялық инновация мен символика үйлесімін бағалайды.
Сонымен қатар, биыл 10 000 теңгелік мерейтойлық банкнота және TEŃGEGE 30 JYL мерейтойлық монетасы IACA's Excellence in Currency (IACA - Валюта мәселелер жөніндегі халықаралық қауымдастық) байқауының финалистері ретінде «Үздік мерейтойлық банкнота» және «Үздік мерейтойлық монета» номинацияларын жеңіп алды.
Банкноталар мен монеталардың тұжырымдамаларын Ұлттық Банктің дизайнерлері жасағанын атап өтеміз.