Ақмола облысында денсаулық сақтау мен білім беруді жаңғырту

8888
Фотосурет: Сенаттың Баспасөз қызметі

Сенат депутаттары Талғат Жүнісов пен Марат Қожаев Ақмола облысындағы Шортанды ауданында әлеуметтік сала қызметкерлерімен кездесті. Жүздесу барысында кәсіби білім беру, денсаулық сақтау нысандарын жаңғырту және спорт нысандарын салу мәселелеріне ерекше назар аударылды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Депутаттар Бозайғыр ауылындағы Жоғары техникалық колледждің агротехникалық бөлімшесінде болды және ұжымымен кездесті. Онда колледж қызметінің өзекті мәселелері талқыланды, оқу зертханасы мен шеберханаларға экскурсия ұйымдастырылды және мекеме басшылығының есебі тыңдалды. Парламент мүшелері жоғары білікті маман даярлау ісіндегі білім беру ортасын жетілдіру мәселесін жан-жақты зерделеді. Талғат Жүнісов еліміздің экономикасын дамытуда кәсіби білім берудің маңызды буын екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы алдағы жылды Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялағаны баршаға белгілі. Президент таяуда тиісті Жарлыққа қол қойды. Салаға осылай ерекше назар аудару экономиканың барлық саласына кәсіби маман даярлау мәселесінің маңыздылығын көрсетеді. Бұл істе осы колледж сияқты мекемелер басты рөл атқарады», – деді сенатор.

Депутаттар сонымен қатар 150 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс барысымен танысты. Сенаторлар қазіргі кезде бетон бағандарын орнату, дербес-бөлек қазандықты іске қосу және металл конструкцияларды жинау жұмыстары аяқталғаны туралы хабардар болды. Олардың айтуынша, бұл кешен бұқаралық спортты дамыту мен халық арасында салауатты өмір салтын насихаттауда маңызды қадам болмақ.

Депутаттар Ключи ауылы мен Төнкеріс станциясында болған кезде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында фельдшерлік-акушерлік бекеттердің құрылысымен танысты. Ключи ауылында барлық құрылыс жұмыстары аяқталып, медициналық жабдықтар орнатылуда. Кездесу барысында ауыл тұрғындарына медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы мәселелері талқыланды. Сенат депутаттары сапар қорытындысы бойынша жергілікті тұрғындар мен нысан басшылары көтерген бірқатар мәселелерге қатысты ұсыныстар әзірледі. Бірқатар ұсыныстар депутаттық бақылауға алынды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -