Ұландық жауынгер жол-көлік оқиғасына түскен тұрғынды құтқарды

7711
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы  "Орталық" өңірлік қолбасшылығына қарасты 6505 әскери бөлімінің әскери қызметкері жол-көлік оқиғасына түскен тұрғынның өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Оқиға 2 қаңтар күні Қарағанды — Астана бағытындағы тас жолда орын алған. Сол сәтте Ұлттық ұлан сержанты Жалғас Төлебаев інісі Ерболат Төлебаевпен бірге Мичурино елді мекенінің маңайында болған. Ағайындылардың көз алдында жоғары жылдамдықпен келе жатқан Lada Priora  маркалы көлігі жол апатына ұшырайды.

Оқыс жағдайға куә болған ұландық жауынгер еш ойланбастан зардап шегушіні аударылған көліктен жылдам алып шығып, жедел-жәрдем шақырады. Оқиға орнына медицина қызметкерлері жеткенше жарақат алған жүргізушіні өз көлігіне апарып, оған алғашқы көмек көрсетеді.

"Бұл іс-әрекетімді ерлік деп санамаймын. Себебі еліміздің әрбір тұрғынына көмектесу — біздің парызымыз. Мен бұл оқиғада, тек өзімнің қызмет барысында жинаған кәсібилігімді қолданып, шұғыл көмек көрсеттім" Сержант Жалғас Төлебаев

Аталмыш оқиға аясында әскери қызметкердің көрсеткен кәсіби көмегінің арқасында жедел-жәрдем қызметкерлері зардап шеккен тұрғынның өмірін құтқарып қалды. Жол-көлік оқиғасына түскен азамат ауруханаға уақытылы жеткізіліп, тиісті ем алуда.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -